ЖАС ҰСТАЗДАР ЖАРЫС АЛАҢЫНА ШЫҚТЫ
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ мен Текелі қалалық филиалының жанынан құрылған жастар Кеңесі «Туристік слет» жарысын ұйымдастырды.
Шара 18-35 жас аралығындағы жас ұстаздарды қамтыды. Облыстық ұйымға қарасты аудандық, қалалық филиалдан 10 команда қатысты. Жарысқа қатысушылар алдымен Текелі қаласында «Будда тасы» мен «Көктөбе» бақылау алаңы сынды мәдени орындарды аралады.
Түс ауа «Тау сәулесі» қонақ үйінің ауласында шараның ашылу салтанаты өтті. Оған облыстық кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары Болат Тұрысбеков, Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, қалалық білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев, аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары және жас ұстаздар қатысты.
Шараны Текелі қаласының әкімі Батыр Қайркенұлы ашып, ұстаздардың қоғамдағы жауапкершілігі жайында сөз етті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбектерін жоғары бағалап, алғысын білдірді. Жарыста да жеңіс тұғырынан көрінуге тілектес екенін жеткізді.
Болат Кәметұлы да еліміздегі оң өзгерістерді баяндап, күні кеше орын алған жағымды жаңалықтармен бөлісті. Ресми атауын алған Жетісу облысының тұрғындарын құттықтады.
Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктің негізгі бағыттарын анықтап, кәсіподақ мүшелеріне жасалып жатқан игі бастамаларды айтты. Жас ұстаздарға тоқсан сайын түрлі форматта шара ұйымдастырылғанын жеткізіп, алдағы туристік слетке қатысушыларға сәттілік тіледі.
Командалар жеребе арқылы ретінін анықтап, «Таныстыру» кезеңінде өнерлерін көрсетті. Аудан, қаланың табиғатын көрініске қосып, топтың құрамы мен ұранын нақтылады. Жас ұстаздар «Туристік ән» сайысында да белсенділік танытып, жанды дауыста ән шырқады. Одан кейін команда капитандарына жарыстың бас төрешісі Дәулеткелді Испулатов «Крос - жорық» қашықтығына байланысты хабарламалар жасады.
Туризмді насихаттауға арналған жарыс Текелі қаласының «Горняцкий» шағын ауданында жалғасын тапты. Бұнда командалар сап түзеп, қатысушылар алдын ала дайындалған аспалы арқан, зардап шеккен адамға ЖМЖ көрсетуге және оны белгілі бір қашықтықта тасымалдау, параллелді арқандар арқылы өзеннен өту, ілулі тұрған арқан (маятник) арқылы өзеннен секіру сынды кедергілерден өтіп, жылдамдықтары сыналды.
Екі күнге созылған жарыста қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады. Облыстық ұйымның төраға орынбасары Болат Тұрысбеков пен Текелі қалалық филиалдың төрағасы Асан Тұрысбеков спорттық шараның өтілу барысына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады.
«Туристік слет» жарысында командалық есепте І орынды Алакөл ауданы, ІІ орынды Талдықорған қаласы, ІІІ орынды Кербұлақ ауданы иеленді.
Сондай-ақ, «Таныстыру» номинациясы бойынша Алакөл, Кербұлақ, Ескелді аудандары үздік деп танылса, «Туристік ән» сайысында Талдықорған қаласы мен Көксу, Алакөл аудандары орындарды өзара бөлісті.
Спорттық шараның «Крос - жорық» қашықтықты бағындыру кезеңінде Талдықорған қаласы топ жарса, Алакөл мен Кербұлақ аудандарының жас ұстаздары шеберліктерін паш етті.
Жарыс жеңімпаздары облыстық ұйымның дипломдары, кубоктары және Текелі қалалық филиалының атынан қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі