АҚТӨБЕДЕ ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ
Жас өрендердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалық азамат етіп қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі орасан. Әр шәкіртінің санасына сәуле шашып, егемен еліміздің тұтқасын ұстар білімді, сауатты да салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып жүрген ұлағатты ұстаздарды ұлықтау— Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дәстүріне айналды.
Салалық кәсіподақ биыл да игі үрдістен айнымай, 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша аймақтың үздік ұстаздарын марапаттады. «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты мерекелік шара аясында білім беру саласындағы жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі және жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін 100-ге жуық ұстаз, атап айтқанда пән мұғалімдері мен педагог отбасылар облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының бірлескен Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері жазғы демалыста «Мерке»,«Айша бибі» шипажайларында ем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады.
Сондай-ақ, салтанатты жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының зейнеткері Шинкарева Людмила Владимировнаның кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды. «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне бір топ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, әлеуметтік әріптестер, сала ардагерлері ие болды.
Салтанатты шараға жиналған педагогтарды облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, кәсіподақ ұйымының оқу жылында атқарған жұмысына қысқаша тоқталды.
«Бүгінгі таңда білім кәсіподағы мүшелерінің саны 33 мыңға жуықтайды. Біздің басты мақсатымыз— ең алдымен, еңбек адамының мұң- мұқтажын, мақсат-мүддесін қорғау. Еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік- экономикалық қолдау көрсету, ұжымдағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін асыру болып табылады.
2021 жылы кәсіподақ ұйымы 1825 адамға құқықтық кеңес берсе, биыл 5 айда 1328 педагогқа құқықтық көмек көрсетілді. Экономикалық тиімділік көрсеткіші — 161 млн теңгені құрады. Яғни кәсіподақ ықпалымен аймақ ұстаздарының пайдасына көлемді қаражат өндіріліп, жылдар бойы төленбей келген үстеме ақылар қайтарылды. Өткен жылы 1441 кәсіподақ мүшесі еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында дем алып, денсаулығын түзесе, биыл жыл басынан бері 1510 мұғалім сауықтыру шарасымен қамтылып отыр. Осы аталған бағыттарда жұмысымызды жалғастырамыз»,- деді Р. Серікқызы.
Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Джаманбаева қатысып, ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен және марапаттарымен құттықтады. Әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған игі жұмыстары үшін кәсіподақ ұйымына алғысын білдірді.
Салтанатты жиын А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі студенттерінің концертіне ұласты. Ұлағатты ұстаздардың құрметіне өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.