«ЖЕҢІСТЕН - ЖЕТІСТІККЕ!»
Ағымдағы жылдың 1 маусым күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Н.А. Ноғаевтың «Жеңістен жетістікке!» атты дарынды оқушылармен кездесуі өтті.
Салтанатты жиынға республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымының төрайымы Т. Байымбекова да қатысты.
Биылғы оқу жылында 1332 оқушы облыстық деңгейдегі олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен байқаулардың жеңімпазы атанды.
20 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарынан, 140 оқушы республикалық ғылыми жоба жарысынан, 44 оқушы республикалық пәндік олимпиадалардан жеңіспен оралды.
- Құрметті оқушылар, сіздердің жетістіктеріңізге біз қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі – салауатты, саналы, білімді, парасатты, ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу» деп атап өтті. «Балалар жылында» баланы қорғау, әлеуметтік қолдау бағытында өңірімізде игі іс-шаралар жүйелі өткізілуде. Сіздер, тәуелсіз еліміздің тарихының жаңа беттерін жазатын жас ұрпақсыздар! Болашақтарыңыз жарқын болсын!,-деді Нұрлан Ноғаев.
Шара соңында республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқауларының, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы дипломдарымен, медальдарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Одан кейін мектеп командаларына «Үздік ауыл мектебі – 2022», «Үздік олимпиадалық мектеп – 2022», «Үздік олимпиадалық команда – 2022» номинациялары табысталды.
Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы