ИГІ БАСТАМА БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
1 мамыр – Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «Алматы олыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің заңгер – кеңесшісі Әсет Қайырхан мен бас маманы Маржан Қайратқызы Текелі қаласына барды.
Жергілікті жердегі кәсіподақ төрағасы Асан Тұрсынғалиевпен бірлесіп, 2022 жылдың 15 мамырында орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты.
Текелі қалалық филиалдың төрағасы Асан Ақжолтайұлы бастаған топ алдымен селдің салдарынан баспанасынан айырылған Амангелді Жидебаевтың отбасына барды. Екі қыздың әкесі болған жағдайды баяндап, қас пен көздің арасында орын алған оқиғадан сабақ алғандарын жеткізді. Барынан айырылған отбасының мектеп қабырғасында оқитын қыздарына қолдау танытып, көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Балаларының спортта жеткен жетістіктерін айтып, көз қуанышына айналған қыздарының аман қалғанына риза болды.
Кәсіпдақ өкілдері көшкіннің салдарынан үйі жарамсыз деп танылған Олег Евсеевтың отбасынада атбасын бұрды. Рано, Валерия, Розалия есімді оқушылардың жағдайын сұрап, қажеттіліктерін анықтады. Балаларды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қоғамдық бірлестіктің әзірлеген сый-сыяпаттарын табыс етті.
Қапыда қаза болған Тілеухан Жанботаның анасына көңіл айтып, Тілеухан Гүлнарға және апаттан зардап шеткен өзге де отбасыларға кәсіподақтың атынан материалдық көмек көрсетті.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, мереке қарсаңында жасалған игі бастама аудандық, қалалық филиалдардан да қолдау тауып, көпбалалы және жалғызбасты аналардың балаларына да құрмет көрсетілді.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» ҚБ баспасөз қызметі