БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР МЕКЕНІ
Бала – біздің болашағымыз! «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді аталы сөзге келгенде жауырынына қамшы салдырмаған қазақ жұрты. Ия, өрісі малға, өмірі өнегеге толған қазақ халқы қай кезеңде де шаңырағының шаттығы мен ырысының тұрақтылығына перзенттерін балаған. Шындығында да, адам өмірінің барлық қызығы да, шыжығы да осынау кішкентай періштелермен тікелей байланысты. Сондықтан, оларды қорғау мен қолдауды, бейқам өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауды мемлекет өз міндетіне алған. Осы ретте үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар да қарап қалып жатқан жоқ.
Құлағанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы мен оның Сәтбаев, Жезқазған, Балқаш пен Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Шет, Ұлытау мен Ақтоғай аудандарындағы филиалдары да 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше атап өтті. Мереке таң шапағымен таласа әр өңірде мерекелік бағдарламамен бастау алып, соңы ойындармен, эстафеталық жарыстармен, шығармашылық байқаулармен жалғасын тапты. Атап айтар болсақ, Балқаш қаласындағы кәсіподақ көшбасшысы Әсем Айтжанова ұйытқы болған мерекеде жас ерекшеліктеріне сәйкес өткен «Бақытты балалық шақ», «Қауіпсіз жаз», «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Көңілді старт» ойынымен Қаражал қаласының балғындарын еліктірген Марина Жакупова мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантуды да ұмытпады. Ерекше балалары бар кәсіподақ мүшелеріне қарайласуды парызы санайтын Гүлнәр Ілиясова21 баланы қуанышқа кенелтті. Қамқорлық десе ішкен асын жерге қоятын Шет аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы 2 оқушыға велосипед сыйлады. Жезқазған гуманитарлық колледж қызметкерлерінің балаларына есте қаларлық мереке ұйымдастырған Рыскүл Түсіпназарова «OINA» ойын-сауық орталығында шоу-бағдарламаға тарсырыс берді. Жаңаарқалық балғындарды таза ауада серпілткен, ақтоғайлықтарды «Толағай» ойынында сайыстырған, ұлытаулықтарға асфальтқа сурет салғызған мерекеде өрендерге естелік сыйлықтармен бірге тәттілер үлестірілді.
Бауыр еті баласын ойлап, қамыққан аналардың жүздеріне күлкі үйрілтіп, ерекше балаларға жан жылуымен бөлісіп, жас буынға ұмытылмас әсер мен мерекелік көңіл-күй сыйлаған Жезқазған аймағының кәсіподақ белсенділері алдағы күндері де осы бағыттағы игі амалдарды жалғастырып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар жылын ұрандатпай өткізу керек» деген тапсырмасын орындауға атсалыспақшы.