ҰСТАЗДАР ТАЛАБЫ ОҢТАЙЛЫ ШЕШІЛДІ
Кезінде «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне Исатай ауданы Жалпы білім беретін Өркен орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қырмызы Сыдикова аяқтай келіп, декреттік демалысқа шыққан бір топ мұғалімдердің жанайқайын жеткізген болатын. Көп ұзамай іссапарға шыққан облыстық ұйымның төрағасы Қылышбай Сүндетұлы аталмыш мектептің ұжымымен кездесіп, ұстаздар еңбегіне лайықты еңбек ақыларын төлеуде кемшіліктер бар екенін анықтады. Атап айтқанда, Өркен орта мектебі қызметкерлерінің 2019 – 2020 жылдары зейнетақы жарналары, еңбек ақылары, әлеуметтік төлемдері ұсталғанымен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы және әлеуметтік төлем қорларына аударылмаған немесе уақтылы түспеген. Соған сәйкес білім беру мекемесіндегі қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған. Сөйтіп, облыстық салалық ұйым Исатай ауданының прокуратурасына арыз жолдады.
«Жалпы білім беретін Өркен орта мектебі» КММ-не облыстық еңбек инспекциясы мен Исатай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары арқылы тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде арызда көрсетілген мән-жайлар толықтай дәлелденді. Қорытындысында мектеп әкімшілігіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 91-бабының 7-бөлігімен 12 әкімшілік іс қозғалып, 145 402 айыппұл салынды. Жоғарыда көрсетілген мерзімдегі кәсіподақ мүшелерінің тиісті қаражаттары қолдарына тиді. Сөйтіп, мектептегі бірнеше кәсіподақ мүшесінің құқықтары аудандық прокуратура ықпалымен қорғалып, оң шешілді.
«Еңбекті қорғау – адамды қолдау» дегендей, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Исатай ауданы прокуратурасына шынайы алғысын білдіреді!
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ