БАЛА ҚУАНЫШЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Балалар жылына орай Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Жуалы ауданының білім бөлімі мен Жергілікті кәсіподақтың Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен кәсіподақ мүшелерінің 95 баласы бір күндік саяхат аясында Түркістанда болып қайтты. Балалармен бірге аудандық филиалдың есепші-маманы А.Мұртазаева, заңгері Г.Орымбаева және Диқан орта мектебінің педагог-психологі Б.Малтаева, №29 орта мектептің медициналық қызметкері Г.Пулатова болды.
Таң сәріде аудан орталығынан қозғалған екі автобус Түркістан қаласына сағат 10:00 шамасында жетті. Балаларды қарсы алған 2 гид жас саяхатшыларды орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші Ахмет Ясауи кесенесін, жер асты қылуетін, шығыс моншасын аралатып, хабарлама жасады. Кесененің ішкі құрылысын неден, қалай жасалғандығына тоқталып, Ахмет Ясауидің, сонда жерленген қазақ хандарының өмірбаяныментаныстырды. Түсте «Жеті тандыр» мейрамханасында түскі ас ішіліп, түс қайта «Алтын самұрық» орталығындағы «Ұшатын театрда» Қазақстанның қалыптасу кезеңін орта Азияда жоқ 8D видео форматта тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын тамашалады.
«Ұшатын театрдан» шыққан балалардың таңданыстарын, алған әсерлерін сөзбен жеткізу мүмкін емес, әр бала өзіне ұсынылған тосын сыйға дән риза. Кешқұрым балалар Венецияны аралады. Бұл саяхаттан Қазақстанның көп тарихи қырын біле алдық деп балалар мәз болысты.
Балалық шақтың бала үшін есте қалар бір керемет, қызықты кездері мектеп өмірі. Өйткені, бала ойынмен өседі Барып-қайтар жолда педагог-психолог Б.Малтаева оқушылармен психологиялық ойындар ойнап, жұмыс жасады. Балаларды қызықтырып, оларға берілген тақырып бойынша түрлі жүйелі сөйлемдер құрап, түрлі тың ойларды ортаға салды.
- Жаңа, түрленген Түркістан өте керемет ұнады. Түркістанға туристер неге келгісі келе беретіндігін енді түсіндім, - деп С.Сейфуллин орта мектебінің 7 сынып оқушысы Жансезім Нұржан өз ой-пікірімен бөлісті.
Егер бала қуынышын достары мен ата-анасына өзінің көтеріңкі көңіл-күйімен бөлісуге асықса, онда біз мақсатымызға жеттік.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының
Жуалы аудандық комитеті.
-
Фото
-