КЕЛІСІМДІ НАСИХАТТАУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Жуырда ғана халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімі берілген Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназияның мәжіліс залында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тиімді қолдану тетіктері» тақырыбында семинар өтті.
Жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен еңбек және салалық заңдылықтардағы өзгерістерді, 2021-2023 жылдарға қабылданған әлеуметтік әріптестік актілері және оларға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды насихаттау, тәжірибеде қолдану сұрақтарын талқылауға арналған семинарға білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, білім бөлімінің қаржы-экономикалық қызметінің мамандары қатысты.
Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің төрайымы Ирина Костинаның кіріспе сөзінен кейін алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков салалық кәсіподақтың сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсу бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды. Төраға кәсіподақтың негізгі жұмысы мәдени-көпшілік шаралар мен сауықтыру емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен кәсіби мүддесінің сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасын әлеуметтік әріптестік арқылы дәнекерлеу екенін түсіндірді.
- Кәсіподақ мүшелігінде 67 мыңнан аса сала қызметкері бар, ол дегеніміз 67 мың потенциалды еңбек дауы ушығуы мүмкін дегенді білдіреді. Құрамында 14 білікті заңгер еңбек ететін құқықтық инспекция сол кәсіподақ мүшелеріне тегін, ең бастысы сапалы құқықтық кеңес беру, заңдардағы өзгерістерді түсіндіру, еңбек қатынастарына байланысты түйткілдер бойынша құзырлы органдармен келіссөздер жүргізу, соттарға талап-арыздар әзірлеумен айналысады. Кәсіподақ ипспекторлары саланың әр санаттағы қызметкерлерінің жалақысына кем төленген айырма, төленбей қалған іс-сапар шығыны, ақылы еңбек демалыстары мен қосымша ақылы демалыстарды дұрыс рәсімдемеу, оқу жүктемелерін төмендету, аттестаттау кезіндегі түйткілдер себебінен кем төленген не төленбей қалған қаражаттан 2020 жылы 529 млн., 2021 жылы 233 млн. теңге өндіріп берді. Былтыр кәсіподаққа қайырылған сала өкілдерінің 867 жазбаша, 10 137 ауызша өтінішіне жауап қайтарылды, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Сонымен бірге, кейбір азаматтардың қоғамдық ұйымның шынайы қызметін түсінбеу себепті әлеуметтік желі мен ел аузындағы қауесеттерге еріп кететінін де айтты.
- Мен кәсіподаққа қайырылған, заңгер қызметіне жүгінген емеспін деген жүздеген, тіпті мыңдаған сала өкілінің құқығы бір педагогтың мысалында сотта қорғау немесе құзырлы орган алдында дәлелдеп беру, келісімдер мен ұжымдық шартқа сол норманы енгізу нәтижесінде шешілгенін білмей де қалады. Мәселен, заңда көзделмеген пән бірлестігіне жетекшілік үшін ІЛЖ-дан 25% қосымша ақы, зейнет жасқа толған педагогқа оқу жылын аяқтап, бір лауазымдық жалақы өтемақы төлеу, 4 жыл қалғанда аттестациядан босату; ауылды жерде жұмыс істегені үшін берілетін 25% арттыру, дәрігерлік тексеруден тегін өту; кітапхана, қаржы-экономикалық қызмет және медициналық қызметкерлер, зертханашылар, іс-жүргізушілер, хатшылар, кадр мамандарының жалақыларын 15-50% арттыру, азаматтық қызметші емес кейбір санаттарға ұжымдық шарт негізінде 30 күн еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын төлеу мәселесі соның мысалы, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Өз сөзінде Ерұлан Мағзымбеков сала өкілі-кәсіподақ мүшесін 3 топқа бөліп - педагог, педагог емес және басшы ретінде кәсіподақ мүшелігінде болғандағы тиімді және тиімсіз тұстарын атап көрсетті. Сөз кезегінде кәсіподақ жарнасының жиналуы мен бастауыш ұйымға қайтуы, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар мен сауықтыру, кәсіподақтық оқыту, қайырымдылық және материалдық көмек ретінде кәсіподақ қаражатының жұмсалуы туралы түсіндірді.
- Кейбір сала қызметкерлері жалақысы жоғарылаған сайын жарнасын есептеп, кәсіподақ қаражатын санауға құмар. Сауықтыруға бөлінетін қаражаттың аздығын айтатындар көп. Мәселен, 2021 жылы 6225 адамды сауықтыруға 227 млн. қаражат жұмсалды. Бұл облыстық бюджеттің үштен бірі. Ал сауыққан адамдар барлық кәсіподақ мүшелерінің 7-8% құрайды. Барлық қаражатты жолдама алуға жұмсағанның өзінде ары кеткенде 20-25% мүшелерді қамтимыз. Яғни, сауықтыру керек, бірақ басымдық берілмейді. Біз әр кәсіподақ мүшесіне тегін заң кеңесін беру, лайықты жалақысын алуға мүмкіндік жасау, қажет болғанда оның құқықтарын сотта өкілеттік жасап, қорғау арқылы жетеміз, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Ал Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары, құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар жасалған Қосымша Келісімнің нормаларын түсіндірді.
- Ұжымдық шарт актілеріне қосымша келісім жасау арқылы сала қызметкерлерінің бірқатар әлеуметтік маңызды түйткілдерінің шешімі табылды. Атап айтқанда, кейбір санаттар үшін заңнамада көзделгеннен артық кепілдіктер мен жеңілдіктердің жүзеге асуы, олардың жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру, зейнет жасына жақындаған педагогтардың аттестациядан өтуі. Сондай-ақ, қызметтік бөлмелерді тазалаушы жұмыскерлерге 30 күндік еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын төлеуге уағдаласып отырмыз, - деді Берік Баймағамбетов.
Құқықтық қызмет басшысы қосымша Келісімге енген әр өзгеріске жеке-жеке тоқталып, әр норманың мазмұнын түсіндірді. Олардың қатарында өндірістік қажеттілікке байланысты педагог қызметкерлердің оқу жүктемесінің көлеміне білім беру саласындағы заңнамада көзделгеннен артық көлемде жол беру, ал білім беру ұйымдарының басшыларына уәкілетті органмен келісім бойынша негізгі жұмыс орны бойынша толық ақы төлене отырып, нормативтік оқу жүктемесінің 0,5-нен аспайтын көлемде қоса атқару немесе қоса атқару шартымен қосымша педагогикалық жұмыс беру мүмкіндігі секілділер бар.
Сонымен бірге, объективті себептер бойынша педагог қызметкердің аттестаттау рәсіміне қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда біліктілік санатын растау немесе арттыру құқығын сақтай отырып, бір деңгейге төмендету, ұжымдық шарт арқылы магистрларға 10 АЕК мөлшеріндегі қосымша ақыны педагог-психолог, әлеуметтік педагог, қосымша білім беру педагогы, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының ұйымдастырушылары мен педагогтарына, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтарына төлеу қарастырылған. Бұл қосымша ақы оқу жүктемесі түрінде қосымша педагогикалық жұмысы бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшыларына, басшы орынбасарларына да жүретіні айтылды.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан саладағы еңбек қатынастарына байланысты біраз түйткілдер мен сауалдарға жауап берілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.