КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ
Ағымдағы жылдың 12 мамыры күні жоспар бойынша Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Г.А.Наурызбаева, бас мамандар Г.О.Джаркенова, А.Ф.Арынова Баянауыл аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымының төраға, төрайымдарымен кездесу өткізді.
Кездесуді Гүлбарам Әуезханқызы ашып, Конституциялық реформаның маңызын түсіндірді. Елімізде Жаңа Қазақстанды құру жолында үлкен саяси өзгерістер болатындығына тоқталып,барша халықты дауыс беруге шақырды. Сонымен қатар кәсіподақ комитеті қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Гүлшат Джаркенова кәсіподақ ұйымының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын жүзеге асыруға, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі ережелер мен нормаларды және қауіпсіздік техникасын сақтау жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтты.
Алма Арынова кәсіподақ комитеті жұмысының негізгі бағыттары жөнінде, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, ақпараттық материалдарды баспасөз беттерінде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға шақырды.
Сонымен қатар күннің екінші жартысында Гүлбарам Әуезханқызы аудан әкімі Серік Барлыбайұлымен кездесіп, білім саласында қызмет атқарып жүрген кіші қызметкерлердің дәрігерлік тексеруден тегін өтуін және әлеуметтік көмек (қатты отын) АЕК көлемін көтеруді, білім беру ұйымдарында, мектепке дейінгі білім беру бөлімінің тәрбиешілерінің тексеруден тегін өтуін аудан бюджетінен қайта қарастыру туралы сөз етті. Аудан әкімі мәслихат сессиясында қаражат қарастырылып, мәселенің оң шешімі болатындығына сендірді.
А.Нығметова,
Баянауыл аудандық білім қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Павлодар облысы.