РЕФЕРЕНДУМ МӘЖІЛІСТЕ АЙТЫЛДЫ
Ағымдағы жылдың 11 мамыры күні «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Махамбет аудандық комитеті» филиалы Атқару комитетінің кезектен тыс мәжілісі болып өтті. Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, аудандық комитеттің төрайымы Венера Қабышеваның өз өтінішіне сәйкес (басқа жұмысқа ауысуына байланысты) жұмыстан босату жөніндегі мәселе қаралды. Комитет мүшелері Таңатар Құлахмет, Үздік Жиенғалиева, Шынар Хамитовалар сөйлеген сөздерінде аудандық ұйымның көшбасшысы туралы жылы лебіздерін білдірді. Мәжіліске қатысқан «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мамандары Ю.А. Айбосынова, З.Қ. Бекмұхамбетовалар кәсіподақ ұйымының жұмысын нығайту, құжаттарын бекітілген ережелерге сәйкес жүргізу туралы кеңес берді.
Атырау облыстық салалық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 5 мамыр күнгі «2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бейнеүндеуін барша кәсіподақ ұйымдары толық қолдайтындығын жеткізді. Елімізде Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңару мен жаңғырту жолында үлкен саяси өзгерістер болатындығына тоқталып, референдумда барша азаматтардың дауыс беруі арқылы саяси реформалар толықтай жүзеге асатындығына сендірді.
Мәжіліс соңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Жалғансай орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Үздік Жиенғалиеваға, республикалық салалық ұйымның Құрмет грамотасы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Әсия Қоңыршиеваға және облыстық ұйымының Құрмет грамотасы Махамбет аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Венера Қабышеваға салтанатты түрде табыс етілді.