СӘТБАЙЛЫҚ СҰРМЕРГЕНДЕР САЙЫСЫ
Жезқазған аймақтық кәсіптік одағының Сәтбаев қалалық филиалы тағы да мазмұнды шара өткізіп, идеясымен ерекшеленді. Бұл жолы Төрайым Гульнар Ильясова Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «МЕРГЕН» қалалық байқауын ұйымдастырды.
Бүге-шүгесіне дейін ойластырылып, жоғары деңгейде өткен байқаудың ашылуында сөз алған Сәтбаев қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы полковник Ербол Уткелбаевтың құттықтауы қатысушыларға рух беріп, жиналғандардың патриоттық сезімін күшейте түсті. Ер азаматтарды жеңіске жігерлендіргендердің қатарында кеншілер қаласының бас педагогы Берік Ақышбеков те бой көрсетті.
Ертеңгі елдің қорғаны болатын жастарды тәрбиелеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан, педагогтар ең алдымен өздерінің білім-білігін пысықтап, өз тәжірибесі негізінде шәкіртіне үлгі болуы керек. Осы орайла сәтбайлық әріптестердің - бәсі биік. Бүгінгі спорттық-әскери сайыста көрермен, жанкүйер болған жоғары сыныптың ұл-қыздары ұмтылмас әсермен бірге өмірлік азық болар тәжірибе жинақтады деуге әбден болады.
Сайыс бағдарламасы бойынша пневматикалық винтовкамен нысанаға оқ ату, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа нысананы құлату және «АК-74» оқу қаруын бөлшектеу, жинақтау және оқтау сынды кезеңдер арқылы мықтылар анықталды.
– Сайыс барысында барлық техникалық қауіпсіздік ережелері сақталды. Біздің мақсатымыз - пән ұстаздарының тәжірибесін толықтырып, білімін шыңдау әрі олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, мерекелік көңіл-күй сыйлау – деген Гүлнәр Жұмабекқызы бастаған қадірлі қонақтар жеңімпаздарды марапаттады.
Жас ерекшелігіне қарай өткен тартысты кездесудің қорытындысы бойынша қаруды санаулы секундта шашып-жинаған Азамат ӨТЕМБАЕВ, Марғұлан КУТЕЕВ, Жандос ДҮКЕНБАЕВ, Шермұхамед МИЗАМБАЕВ, Біржан МҰҚАНОВ пен Серік ЖҰМАТАЕВ жүлделі орындарды қанжығасына байласа, Жанболат ИБИТАНОВ пен Шынболат БӨЛТІРІККЕ нысаны бір оқпен құлатуда ешкім тең келмеді. Жалпы командалық есепте жүлделі І орынды #16 ЖББОМ ұстаздары жеңіп алса, күміс - Б.Момышұлы атындағы гимназияда. Үздік үштікті Абай атындағы #4 мектеп-лицейінің командасы түйіндеді. Ұйымдастырушы - Сәтбаев қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тарапынан жеңімпаздармен бірге қатысушылар да ескерусіз қалмады.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі