ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға аудандық және Тараз қалалық филиал жетекшілері, облыстық ұйымға бағынышты серіктестік жетекшілері мен құқықтық еңбек инспекторлары қатысты.
Алқалы жиынды ашқан жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларды алдағы мерекелермен құттықтап, ерліктері еліміздің тарихи шежіресінде мәңгі орын алып, елге мұра, ұрпаққа ұран болған батыр бабалар аманатына адал болуға шақырды.
Жиында алғашқы сұрақ ретінде "Әлеуметтік әріптестік жылы" аясында жергілікті кәсіподақтың аудандардағы күндерінің қорытындысы қаралды. Кәсіподақ төрағасы филиал мәртебесіндегі құрылымдық бөлімшелердің жарғылық қызметті жүзеге асыруда іс-қағаздар мен құжаттардың жүргізілу тәртібіне, сонымен бірге әр құқықтық инспектордың жұмыс нәтижесіне, сала қызметкерлерінің еңбек қатынастарына қатысты орын алған түйткілдерді шешу қорытындыларына тоқталды.
- Филиалдардың жұмыс жоспарына талдау жасалып, жоспардың орындалу барысы және жинақ папкаларының номенклатура бойынша жасақталуы зерделенді. Кейбір филиалдарда бір кемшіліктің жыл сайын қайталанатыны анықталды. Мәселен, әр күнтізбелік жылда түскен арыз бен оған берілген жауаптар бірге жинақталып, тігілуі тиіс. Аудандық білім бөлімі мен аудандық комитеттер арасында құрылған әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі екі жақты комиссиялардың құрамы, Келісу комиссияларының құрамы жасақталған кезде кәсіподақ өкілдері филиалдың Атқару комитетінің шешімімен рәсімделуі тиіс. Қордай, Шу, Мойынқұм және Т.Рысқұлов ауданында бұл жоқ. Жуалы және Талас аудандық комитеті ғана 2008-2018 жылдар аралығындағы құжаттамаларын архивациялық өңдеуден өткізген, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
«Ал еңбек инспекторларына келетін болсақ, қоғамдық бақылау-тексеру жүргізу бойынша жоспарда нақты күндер көрсетілмеген. Құқықтық инспекторлар тексеру қорытындысы бойынша жасалған тоқтам мазмұнымен жұмыс беруші не олардың өкілдерін таныстырғанда міндетті түрде мекеменің мөрімен расталуын қамтамасыз ету қажет. Жұмыс берушілерге берілетін ұсыныстар сапалы, грамматикалық қатесіз, заң талаптарына толық сілтемемен, құжаттама жасау талаптарына сай рәсімделуі тиіс» деді кәсіподақ төрағасы.
Алқалы жиында негізгі сұрақ ретінде құқықтық еңбек инспекциясының 2021 жылы сала қызметкерлерін құқықтық қорғау жұмысы қаралды. Құқықтық қызметтің басшысы Берік Баймағамбетовтың есебін тыңдай келе, Атқару комитеті атап өтті:
2020-2021 ж.ж. аралығында инспекция заңгерлері 336 білім мекемесі мен ұйымдарында ҚР еңбек заңдылығының сақталуы жағдайын тексерген (2020 ж. – 165). Тексеру барсында 1211 заң бұзушылық анықталған. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша оларды жою жөнінде тиісті ұсыныстар берілген.
Құқықтық қызметтің ең басты әрі маңызды функциясы кәсіподақ мүшелеріне еңбек және әлеуметтік қорғау сипатында берілетін тегін әрі сапалы құқықтық кеңес болса, 2021 жылы құқықтық инспекцияға жазбаша 720 (2020 ж. – 689), жеке қабылдау, телефон, интернет және БАҚ арқылы 9556 (2019 ж. – 8655) ауызша кеңестер, түсіндірулер берілген. Көрсетілген құқықтық қызметтің жалпы саны 2020 жылы 9018-ден 2021 жылы 10 339-ға артқан.
Есепті мерзімде заңгерлер тарапынан сотқа 12 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мақсатында сотқа 4 талап-арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда 9 тегін өкілеттік жасалған.
Құқықтық қызметтің белсенді әрекеті нәтижесінде 24 кәсіподақ мүшесіне қатысты жұмыстан босатудың алдын алу және болдырмау, жұмысқа қайта орналастыруға қол жеткен. Құқықтық қорғау қызметінің барлық нысандары бойынша 2021 жылы заңсыз ұсталып немесе төленбей қалған 215.8 млн теңге мөлшеріндегі қаржы сала өкілдеріне қайтарылса, құқықтық қызмет жұмысының 2021 жыл бойындағы жалпы экономикалық тиімділігі 233.5 млн теңгені құраған.
Есеп барысында құқықтық қызметтің жыл барысындағы жұмысының оң тұстарымен қатар бірқатар түйткілдері де сөз етілді. Кейбір аудандарда облыс деңгейінде шешімін тапқан күрделі мәселелер, түрлі келіссөздер мен хат алмасуларға қарамастан әлі күнге орындалмай отырғаны айтылды.
Алқалы жиында аудандық филиалдардың сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін оқыту мәселесі де қаралды. Анықтамаға сәйкес Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Қордай, Шу және Жуалы аудандық комитеттерінің кәсіподақ белсенділерін оқытуға арналған жұмыстары атап өтілді. Барлық филиалдарға аттестация, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, қаржылық-бақылау қызметі сынды күрделі тақырыптарды оқу жоспарына енгізу мен семинар жұмысына білім мекемелерінің басшыларын, іс жүргізушілер мен кадр қызметкерлерін тарту, облыстық ұйымның оқу орталығында оқудан өткен тыңдаушылардың мүмкіндіктерін аудандық семинарларда пайдалану ұсынысы берілді.
Бұдан кейін облыстық ұйымның бас есепшісі Гүлия Әкімбаева былтыр Жергілікті кәсіподақ пен құрылымдық бөлімшелердегі қаржының жұмсалуы мен қаржы қызметінің есебін берді. Сондай-ақ, Жергілікті кәсіподақ құрылтайшылығындағы шағын кәсіпорындар - «Тараз-Профсоюз-Турист» пен «Қорғау-Тараз-2005» ЖШС-нің 2021 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің есебі тыңдалды.
Жиын соңында алдағы жаз маусымында сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін сауықтыруды ұйымдастыру сұрағы талқыланып, тиісті шешім қабылданды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фото
-