КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ТАЛ ОТЫРҒЫЗДЫ
Ұдайы игі бастамалардың басы-қасынан табылатын Жезқазған аймақтық кәсіподағы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұстанымына айналдырғалы қашан?! Биыл да дәстүрден жаңылмаған кәсіподақ көшбасшылары білім және тәрбие нысандары алаңдарын көгалдандыруға үлес қосты.
Шет аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ филиалының демеушілігімен С.Сейфуллин атындағы ауылдағы спорт мектебі мен Шет аграрлық колледжі ауласына 100-ге тарта ағаш отырғызылды.
– Өткен жылы теректің 1000, қайыңның 10, қарағайдың 13 данасын ауданға қарасты білім ошақтарына үлестірген едік. Бүгінде талдар тамырын тереңге жіберіп, бүршік атқанда болар, – деген төраға Қайрат Биғожин биыл қараағаш, терек, қайың мен акация бұтасын тапсырыспен алдырған.
Кәсіподақтың бастамасымен білім саласы қызметкерлері жерге шаншыған әрбір тал күні ертең жапырағы жайқалған, мәуелі бәйтерекке айналатынына сенім мол.
-
Фото
-