«КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛ – ТАБЫСТЫ ӘЙЕЛ»
Жезқазғанда еңбек етуші әйелдер ісі жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы өтті
Жиырма мыңнан астам білім және ғылым қызметкерінің басын бір арнаға тоғыстырған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағына мүшелік ететіндердің ішінде бүгінде әйелдердің үлесі басым. Нақтырақ айтар болсақ, нәзікжандылардың саны 14 мыңнан асып жығылады. Олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, құқықтары мен мүдделерінің орындалысын қадағалау, алаңдатқан мәселелерін шешу мақсатында салалық кәсіподақ пен оның филиалдары жанынан еңбек етуші әйелдердің ісі жөніндегі комиссия құрылған-ды. Биылғы жылдың жоспарына сәйкес аймақтық комиссияның «КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛ – ТАБЫСТЫ ӘЙЕЛ» тақырыбындағы көшпелі семинар-отырысы Сәтбаев қаласында өтті.
Кеншілер қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрайымдарын дөңелек үстел басына жинаған жиынды ашқан Гүлнәр Ілиясова өзі мүшелік ететін республикалық комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстарын тілге тиек етсе, аймақтық комиссияның төрайымы Диана Оразалина білім саласында жүрген әйелдер қауымының көшбасшылық әлеуетін арттырудың маңызына тоқталды.
Кәсіподақ белсенділері «Көшбасшы әйел қандай болуы керек?» тақырыбын талқылап, өз ойларын ортаға салған соң семинар тренингке ұласты. Арнайы шақырылған психолог Дана Қарабекова түрлі ойындар мен жағдаяттар арқылы қатысушылардың көшбасшылық қабілетінің деңгейін анықтап, көшбасшылыққа жетудің жолдарын нұсқады.
Кәсіподақ мүшелерінің көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жүзеге асырудағы білімін арттыруға септескен кездесудің соңында кәсіподақ қозғалысын дамытудағы ерекше еңбегі үшін Гүлжамал Ізбасарова, Құралай Жакупова, сондай-ақ тренингті жоғары деңгейде өткізген Дана Ерманқызы Жезқазған аймақтық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі