ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің қатары артып, биылғы жылы Ұйғыр аудандық кәсіподақ филиалы құрылған болатын.
21 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін филиал ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Білім саласы қызметкерлері арасында түрлі шаралар ұйымдастырып, ұстаздардың мәртебесін арттыру жолында құқықтық кеңес беруде.
Осындай шараның бірі ретінде ұстаздар арасында өткен волейболдан турнирді айтуға болады. 12 білім мекемесі қатысқан шарада облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов алғашқы құттықтау сөзін сөйлеп, барша сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында И. Молутов (Бахтия) атындағы №3 орта мектебінің директоры Шерзат Бабаханов педагогтардың мәртебесін арттыру жолында жасалып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Ерлер арасында ұйымдастырылған жарыстың бас төрешісі Тайир Сасиков Ережені таныстырса, ал командалар жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Ойын барысында жартылай финалға жолдама алған қатысушылар жүлделі орындарды сарапқа салды.
Нәтижесінде, І орынды И. Молутов (Бахтия) атындағы №3 орта мектебі, ІІ орынды М. Хамраев атындағы орта мектебі, ІІІ орынды Тасқарасу және Тиірмен ұйғыр орта мектептерінің командалары иеленді. Жеңімпаздарға облыстық ұйымының төрағасы Мэлс Құлмұханұлы дипломдар, кубоктар және қаржылай сыйлықтар табыс етті.
Ал, Ұйғыр аудандық филиалының төрағасы Қанат Әбілжанұлы «Үздік шабуылшы», «Ардагер ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Ең жас ойыншы», «Ең үздік ойыншы» номинациялары бойынша жақсы ойын көрсеткен мұғалімдерді марапаттады.
Сонымен қатар, аталған жарысқа қатысқаны үшін 8 командаға аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаты табыс етілді.
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар
қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі
-
Фото
-