КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
Ағымдағы жылдың 20 сәуір күні Салалық кәсіподақтың орталық кәсіподақ аппаратының HR – менеджері Ғ.Айкумбаева Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас мамандарымен бірге Тасқала аудандық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ төрағаларымен кездесті.
Іссапар барысында «Сәулет» мектеп – лицейінің басшысы А. Бисалиева биылғы жылы мектепте бекітілген бағдарламаға сәйкес, балалардың қабілеті мен ынтасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған 33 факультатив, 10 үйірме жұмысымен таныстырды. Соның ішінде, «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі, көркем еңбек пәні мұғалімі Б.Шурин 70-тен астам оқушылар қатысатын «Робототехника» үйірмесіндегі жабдықталған техникалық құралдармен таныстырып, балалардың өз қолымен жасалып облыстық, республикалық байқауларға қатысқан бұйымдарын көрсетті.
Сонымен қатар, мектепті алғаш ашылған күннен бастап педагогикалық ұжымның өсуіне жағдай жасап, асқан шеберлікпен басқара білген білікті басшы, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бақтығұл Тасмагамбетов және Роза Ізімқызы, Досымғали Қабдешұлы сияқты есімдері облыс, республикаға танымал математика, информатика пәнінің терең білімді, тәжірибелі ұстаздардың жаратылыстану – математика бағытында аудан мектептеріндегі қабілеттері жоғары балаларды іріктеп қабылдаудағы еңбегі сіңген ұстаздарға арнап, мектеп ішінен арнайы мұражай ашылған.
«Сәулет» мектеп – лицейінде Тасқала аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляйля Ғаббасованың ұйымдастыруымен 1060 кәсіподақ мүшесі бар 21 бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілерімен дөңгелек үстелде бас қостық. Алдымен, Ғалия Айкумбаева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының статистикалық мәліметтеріне сүйеніп, жалпы кәсіподақ қызметі туралы ақпарат берді.
Кәсіподақ белсенділері сөз алып, еңбек өтілі жоғары мұғалімдердің біліктілік тесттен босатылуы және мұғалімдерді 58 жастан зейнеткерлікке шығару туралы, өзін-өзі тану пәні бойынша дипломы бар мұғалімдерді қайта даярлаудан өткізуді және жеңілдіктер қарастыруды (жоо-н қайта даярлаудан өткізу) ұсынды. Облыстық кәсіподақтың бас мамандары еңбек қатынастарына және кәсіподақ саласына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында кәсіподақ жетекшілерінің бірқатары себепті жағдайда жаңадан сайлануына байланысты, кәсіподақ қызметі туралы оқулар өткізудің қажеттілігі анықталды.
Тасқала ауданындағы келесі кездесу «Бөбек» бөбекжайының ұжымымен болды. Ұжым қызметкерлері аудандық және облыстық кәсіподақ өкілдерінің үнемі кездесіп, белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттап қолдау білдіргендері үшін алғыстарын білдіре отырып, бөбекжайдың кір жуу машинасы операторына сауықтыру жәрдемақысын төлету мәселесін шешуді өтінді.
Тасқала ауданындағы кездесуде көтерілген мәселелер облыс деңгейінде қолға алынып, ұсыныстар Кәсіподақтың салалық комитетіне жолданатын болды.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-