ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОДАҚТЫҢ АҚПАРАТТЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕГІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы өкілдері өз мүшелерінің бірлігін нығайтып, ұйымдық құрылымдардың қызметін жетілдіру, әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында сәуірдің 12-15 күндері Сарысу және Талас аудандарында болды. Әр ауданға бөлінген 2 күнде кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, төраға орынбасары-бас құқықтық инспектор Берік Баймағамбетов, кадр және құқықтық сұрақтар жөніндегі бас маман Алия Джолшибекова бастаған топ 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге енген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, аудандарда құрылған Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту, кәсіподақ мүшелерін жеке сұрақтары бойынша қабылдау және аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысын, іс-құжаттарын зерделеу жұмыстарымен айналысты.
Сарысу ауданында өткен жиында әлеуметтік әріптестер-білім мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, аудандық білім бөлімінің есеп және кадр мамандарының алдында Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жергілікті кәсіподақтың сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған жұмыстарға тоқталды.
- Кәсіподақтың шын қызметі мәдени-көпшілік шара ұйымдастырып, жолдама үлестіру, қайырымдылық жасаумен шектелу емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен кәсіби мүддесінің сақталуы, еңбек дауларының жанжалдар мен қатығыстарға ұласып кетуіне жол бермеу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында дәнекер, мәмілегерлік жүргізу болып табылады.
Бүгінде 14 білікті заңгер еңбек ететін құқықтық инспекция сала өкілдеріне тегін әрі сапалы құқықтық кеңес беру, заңдардағы өзгерістерді насихаттау, ұжымдық шарт жобаларын әзірлеу мен оның орындалуын қамтамасыз ету, еңбек қатынастарындағы әртүрлі түйткілдер бойынша құзырлы органдармен хат алмасу, соттарға талап-арыздар әзірлеу мен сала өкіліне өкілеттік ету бойынша еселі еңбек етуде. Жылына орта есеппен біздің ұйымға 10 000 мыңға жуық ауызша-жазбаша арыз-өтініштер түседі. Осы өтініштердің 95% әлеуметтік әріптестік аясында мәмілегерлік жолмен шешіледі. Жылына орта есеппен 50 дейінгі еңбек даулары сотқа дейінгі келісу комиссиясы арқылы шешімін тауып жатады.
Әлеуметтік әріптестік актілері, келісу комиссиялары арқылы кәсіподақ ұсынысымен білім және ғылым саласының әр санаттағы өкілдеріне кем төленген жалақыдағы айырма, өтелмеген іс-сапар шығындары, ақылы еңбек демалыстары мен қосымша ақылы демалыстарды дұрыс рәсімдемеу, оқу жүктемелерін жөнсіз төмендету, ауылды жерде жұмыс атқарғаны үшін берілетін көтерме ақылар, аттестация жүргізудегі түйткілдер салдарынан бірқатар бюджеттік қаражат қайта есептеліп, сала қызметкерлерінің игілігіне беріліп жатады. Мәселен, 2020 жылы 529, ал 2021 жылы 233 млн. теңге өндіріліп, қайтарылды. Аталған қаржының төленіп берілуіне 90% жағдайда келіссөздер арқылы қол жетсе, 10% ғана сот немесе өзге де құзырлы органдардың қатысуы арқылы шешімін тапқан, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Жиынға қатысқан мекеме басшылары мен бастауыш ұйымдардың жетекшілері семинар барысында көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Талас ауданындағы «Дарын» мектебінің мәжіліс залында өткен осы тектес - «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тиімді қолдану тетіктері» тақырыбындағы семинарда еңбек және салалық заңнамадағы өзгерістер мен 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілерін ұтымды қолдану мәселелеріне Кәсіподақ төрағасының орынбасары-құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов тоқталды.
- Ұжымдық шарт актілеріне қосымша келісім жасау арқылы сала қызметкерлерінің бірқатар әлеуметтік маңызды түйткілдерінің шешімі табылды. Олардың қатарында: жалақы есептеудегі заңдылықты қамтамасыз ету; еңбекпен байланысты барлық төлемдердің дер кезінде жүргізілуі; заңнамада көзделгеннен артық кепілдіктер мен жеңілдіктердің жүзеге асуы; жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру сұрақтарын оңтайлы шешу; жас мамандар мәртебесі, зейнет жасына жеткен қызметкерлердің аттестациясы мен оларға әлеуметтік кепілдіктер беру; еңбек қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту; еңбек қатынастарында заңмен реттелмеген олқылықтардың орнын толтыруды атап өтуге болады. Бұл игіліктер білім басқармасына қарасты білім беру мекемелері мен ұйымдарының кәсіподақ мүшесі болып табылатын қызметкерлеріне таратылады.
Келісімге енген ең үлкен жетістік ол - техникалық-қосалқы қызмет өкілдері болып табылатын қызметтік бөлмелерді тазалаушы жұмыскерлерге 30 күндік еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын бере отырып зиянды жағдайда еңбек жасағаны мен өзге де жеңілдіктердің сақталып қалуына қол жеткіздік, - деді Берік Баймағамбетов.
Қос ауданда да Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияcының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбындағы семинарлар жоғары деңгейде өтті.
Білім саласындағы облыстық Келісу комиссиясының мүшесі, Кәсіподақтың кадр және құқықтық сұрақтар жөніндегі бас маманы Алия Джолшибекова Келісу комиссиясын құру мен жұмыс тәртібі, онда қаралатын мәселелер, жеке еңбек дауларын қарау бойынша мерзімдер мен оның іс-құжаттарын рәсімдеу, жүргізу тәжірибесіне кеңінен тоқталды.
Сөз кезегінде Әлия Игенбайқызы жеке еңбек дауын қарау тәртібі туралы да айтты.
- Келісу комиссиясының әрбір отырысында төраға мен хатшының міндеттерін кәсіподақ комитетінің өкілі мен жұмыс берушінің өкілі кезектесіп атқарады. Бір отырыстағы төраға мен хатшының міндеттерін бір тараптың өкілдері атқара алмайды. Еңбек даулары жөніндегі комиссияның әрбір отырысында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға тексеру материалдары, жазбаша түсініктемелер, қорытындылар, қатынас хаттар және дауды қарау барысында комиссиямен алынған өзге де құжаттар тіркеледі. Еңбек даулары жөніндегі келісу комиссиясы отырысқа барлық комиссия мүшелерінің кемінде 2/3-і қатысқан жағдайда, шешім қабылдауға құқылы, - деді Алия Джолшибекова.
Семинарда «Жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі» тақырыбында практикум ұйымдастырылып, тыңдаушылардың қатысуымен рөлдік ойындар ойнатылды. Келісу комиссиясының екі тарапына бөлінген қатысушылар алдын-ала дайындалған ситуациялық жағдаяттарды комиссия отырысында шешіп, тәжірибе жинақтады. Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Аудандағы күндер аясында Сарысу және Талас аудандарының кәсіподақ мүшелерін жеке сұрақтар бойынша қабылдау өтті. Еңбек заңнамасына, оның ішінде аттестациядан өту, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуді толғандырған сала қызметкерлеріне тұшымды жауаптар берілді.
Аудандық кәсіподақ филиалдарының қызметі мен іс-құжаттарын жүргізу жұмыстары зерделеніп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлері
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-