КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ РЕТІНДЕ
Білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік - құқықтық актілерді түсіндіру және таныстыру мақсатында 2022 жылдың 12 сәуір күні Екібастұз өңірінде «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Еңбек дауын келісу комиссиясында шешу тәртібі» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Екібастұз және Баянауыл ауданының білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кездесуді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Науразбаева Гүлбарам Әуезханқызы ашты.
Ол қатысушыларды семинар бағдарламасымен таныстырып, оқыту семинарының мақсаттары мен міндеттерін белгіледі, туындайтын еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін түсіндірді.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Қыдырбаева Райхан Мамашиқызы Келісу комиссиясының ұйымдағы жұмысына қатысты ақпарат берді. Райхан Мамашиқызы Келісу комиссиясының құрамы, өкілеттік мерзімі сияқты маңызды мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Келісу комиссиясына делдалды тарту туралы мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, Райхан Мамашиқызы келісім комиссиясына келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркелуге жататынын және 15 жұмыс күні ішінде қаралатынын айтып өтті.
Семинарға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ бас маманы Бектабанов Айдарбек Жасұланұлы қатысты. Ол еңбек дауларының туындау себептеріне қатысты нақты түсінік берді. Сондай-ақ сөз сөйлеу барысында Келісу комиссиясы туралы ережеге баса назар аударды.
Семинар жұмысына жүзден астам адам қатысты, оның ішінде білім беру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, Келісу комиссияларының мүшелері қатысты. Тыңдаушылар семинардың пайдасын атап өтті, ол заңнамалық арнада еңбек дауларын шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға көмектеседі. Оқыту семинарының арқасында Келісу комиссияларының мүшелері, басшылар өз білімдерін кеңейтіп, жаңа Қазақстан мен Жаңа кәсіподақтың дамуы кезінде қажет болатын әдістемелік көмек алды.
Сондай-ақ, қатысушылар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ басшылығына ұйымдастырылған семинар мен алған білімдері үшін алғыстарын білдірді.
Қоғамдық бірлестіктің бас маманы Жаркенова Гүлшат Оралқызының да үлесі зор.
А.Рахымжанова,
Екібастұз білім беру қызметкерлерінің
кәсіподақ ұйымы ҚБ филиалының төрайымы.
--------------------------