ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА КӘСІПОДАҚ КҮНДЕРІ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жұмыс жоспарына сәйкес кәсіподақ күндері Тұрар Рысқұлов ауданында өтті. Құлан орта мектебінің мәжіліс залына жиналған білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, аудандық білім бөлімінің қаржы-экономикалық және кадр қызметінің мамандары назарына Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың жергілікті кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары туралы мазмұнды ақпараты ұсынылды.
Бұдан соң Еңбек және салалық заңнамадағы өзгерістер мен 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілерін ұтымды қолдану мәселелерімен Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары-құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов таныстырды.
- Негізгі әлеуметтік әріптес – Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде облыстық Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған кезекті өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Бұл игіліктер білім басқармасына қарасты білім беру мекемелері мен кәсіпорындарының кәсіподақ мүшесі болып табылатын қызметкерлеріне таратылады. Бастауыш ұйымдар мен сала қызметкерлерінен түскен ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып Келісімге енген өзгерістер мен толықтырулар дер кезінде қабылданып отыр деп есептейміз, - деді сөз басында Берік Әбенұлы.
Құқықтық қызметтің басшысы сөйлеген сөзінде Келісімге енген әр өзгеріске жеке-жеке тоқталып, әр норманың мазмұнын да түсіндіріп отырды. Солардың ең негізгілеріне тоқталатын болсақ, енді өндірістік қажеттілікке байланысты жағдайларда педагог қызметкерлердің оқу жүктемесінің көлеміне білім беру саласындағы заңнамада көзделгеннен артық көлемде жол беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал білім беру ұйымдарының басшыларына уәкілетті органмен келісім бойынша негізгі жұмыс орны бойынша толық ақы төлене отырып, нормативтік оқу жүктемесінің 0,5-нен аспайтын көлемде қоса атқару немесе қоса атқару шартымен қосымша педагогикалық жұмыс беру мүмкіндігі беріліп отыр.
Келісімде педагог қызметкерлерді аттестаттауға байланысты өте ұтымды нормалар қабылданған.
- Аттестаттаудың қолданыстағы Ережесінен түсіп қалған біліктілік санаты бар педагогтердің өтініші негізінде, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге, санат мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін бірқатар жағдайлар қабылданды. Ал жасына байланысты зейнеткерлікке дейін 4 жылдан аспайтын мерзім қалған педагогтерге біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзартып, тиісінше кезекті аттестаттаудан босату кепілдігі қарастырылды. Сонымен бірге, объективті себептер бойынша педагог қызметкердің аттестаттау рәсіміне қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда біліктілік санатын растау немесе арттыру құқығын сақтай отырып, бір деңгейге төмендету мүмкіндігі қарастырылған, - деді Кәсіподақтың бас құқықтық инспекторы.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша ақы тек педагогтарға қарастырылған болса, ұжымдық шарт арқылы 10 АЕК мөлшеріндегі қосымша ақы педагог-психологтарға, әлеуметтік педагогтерге, қосымша білім беру педагогтеріне, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының ұйымдастырушылары мен педагогтарына, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтарына да төленетін болды. Бұл қосымша ақы оқу жүктемесі түрінде қосымша педагогикалық жұмысы бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшыларына, басшы орынбасарларына да жүретін болды.
- Келісімдегі келесі бір ұтымды тұс АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларына қатысты. Олардың айлық жалақысы лауазымдық жалақыдан және жалпы негіздерде есептелетін нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарына ақы төлеуден тұрады. Ал жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы нақты оқу жүктемесін ескере отырып, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы-оқытушының лауазымдық айлықақысына 30% мөлшерінде қосымша төлем белгіленді, - деді Берік Баймағамбетов.
Келісімге енген тағы бір жаңалық ол - техникалық-қосалқы қызмет өкілдері болып табылатын қызметтік бөлмелерді тазалаушы жұмыскерлерге 30 күндік еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын беру болып табылады.
Бұл санаттағы жұмыскерлердің жұмыс ерекшелігі мен жалақысының төмендігін ескеретін болсақ, бұл норма еден жуушылар үшін үлкен көмек болғалы тұр. Жиынға қатысқан мекеме басшылары мен бастауыш ұйымдардың жетекшілері семинар барысында көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Іс-шара соңында бірқатар сала өкілі өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі шығармашылық жетістіктері және әлеуметтік әріптестіктің нығаюына қолдау көрсетіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Келесі күні аудандағы Келісу комиссиясы мүшелерінің қатысуымен өткен семинардың қорытындысында тыңдаушыларға сертификат табыс етілді.
Облыстық ұйымның аудандағы күндері аясында сала қызметкерлерін құқықтық және өзге де сұрақтар бойынша жеке қабылдау, аудандық филиалдың іс-құжаттарын зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі.