МЕРКІ АУДАНЫНДА КӘСІПОДАҚ КҮНДЕРІ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жұмыс жоспарына сәйкес кәсіподақтың Меркі аудандық филиалында Жергілікті кәсіподақ ұйымының күндері өтті. Екі күнге созылған іс-шаралардың қатарында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар жасалған Қосымша Келісімнің нормаларын түсіндіру мен насихаттау, аудандық Келісу комиссиясы мүшелерін оқыту, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін жеке сұрақтар бойынша қабылдау және аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысын, іс-құжаттарын зерделеу болды.
Алғашқы жұмыс күні «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссияcының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбындағы семинармен басталды. Көшпелі семинар оқушылардың «Үміт» сарайында өтті. Семинарға аудандық білім мекемелері мен ұйымдарында құрылған Келісу комиссиясының мүшелері қатысты.
Күннің екінші жартысында дәл осы залда білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, аудандық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева мен бөлімнің қаржы-экономикалық және кадр қызметі мамандарының қатысуымен «Еңбек және салалық заңнаманы, Әлеуметтік әріптестік актілерін тиімді қолдану тетіктері» тақырыбында кезекті семинар өтті.
Семинар барысында «Сала өкілі үшін кәсіподақта мүшелікте болудың тиімділігі бар ма?» деген сауалға жауап берілді. Жауапты берген Жергілікті кәсіподақтың төрағасы – Ерұлан Мағзымбеков. Кәсіподақ төрағасы кейінгі кезде білім саласы қызметкерлері арасында кәсіподақ қызметіне көңілі толмайтындар мен кәсіподақ жарнасын бұлдайтындар бар екенін айтып, соған жауап ретінде өз сөзін жергілікті кәсіподақ ұйымы атқарып жатқан жұмыстарға арнады.
- Облыста 67 000 аса кәсіподақ мүшесін біріктіретін 801 бастауыш ұйым бар. Егер әр бастауышқа бір күн арнайтын болсақ, демалыс күндерін есептемегеннің өзінде 2 жылдың үстінде уақыт керек. Сондықтан да, осындай жиындарды тиімді пайдалану керек. Айына 2 рет шығатын «Еңбекші» газетінің бетін, әлеуметтік желідегі парақшаларды пайдалану керек, - деді кәсіподақ төрағасы.
Бұдан соң облыстық ұйым, аудан мен қала, бастауыш ұйымдар өз деңгейінде өзіне жүктелген міндетті атқарып, еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасап, соның нәтижесінде көптеген мәселелер мәміле арқылы, келіссөз жүргізу арқылы шешіліп жатқандығын айтты.
- Кәсіподақ мүшесі-сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделері келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау, олардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы қорғалуда. Былтыр ұйымға түскен 867 жазбаша, 10 137 ауызша өтініш қаралды, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде 2021 жылы 233 млн., ал инспекция құрылған 2015 жылдан бүгінге дейін 1.6 млрд.тг. өндіріліп, қайтарылды. 2020-2021 жылдары сауықтыру шараларымен 6225 кәсіподақ мүшесі қамтылып, оған 227,3 млн.теңге кәсіподақ қаражаты жұмсалды. Бұл көрсеткіштерді мысалға келтіргенде сенімсіздікпен қарайтындар бар. Алайда, мұның барлығы есеп бөлімінің нақты төлеп берген, дәлелденген мысалдар, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Сөз кезегінде кәсіподақ жарнасының жиналуы мен бастауыш ұйымға қайтуы, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар мен сауықтыру, кәсіподақтық оқыту, қайырымдылық және материалдық көмек ретінде кәсіподақ қаражатының жұмсалуы туралы түсіндіріп, айқындап берді.
- Біз көптеген жұмыстар жасаймыз. Соңғы 1-2 жылдың өзінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануынан бастап кешегі пандемияға дейін араласпаған тұсымыз жоқ. Жұмысымыздың барлығы еңбек дауларын шешу, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс орындарын сақтау және қауіпсіз еңбек шарттарын қалыптастыру секілді маңызды міндеттерді қамтыды. Кәсіподақ көшбасшылары мен заңгерлердің шынайы жасалған жұмысы арқылы біз қашанда саланың кез келген қызметкерін-кәсіподақ мүшесін қорғай алатынымызды дәлелдедік, - деп сөзін аяқтады Ерұлан Мағзымбеков.
Іс-шара соңында бірқатар сала өкілі білім саласындағы көпжылғы адал еңбегі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі шығармашылық жетістіктері үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал Келісу комиссиясы мүшелеріне оқудан өткендігі туралы сертификат табыс етілді.
Сонымен бірге аудандағы кәсіподақ күндері аясында кәсіподақ мүшелерін жеке қабылдау, Филиалдың іс-құжаттарын зерделеу, жұмысын саралау жүргізілді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-