ҒАЖАЙЫП АЛАҢДА БАС ҚОСТЫ
Бүгінгі таңда қоғамымыздың даму бағытына сай, білім беру бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда да жүзеге асырылуда. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Қарқаралы аудандық комитеті филиалының бастауыш кәсіподақ төрайымдарының бастамасымен және кәсіподақ комитеті төрағасы Азамат Секербайұлының қолдауымен, қала басындағы қосымша білім беру педагогтарының атап айтсақ, «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы», «Өнер» мектебі, «Жас туристер станциясы» ұжымдары арасында «Ғажайып алаң» интеллектуалдық ойыны өтті.
Бұл басқосудың мақсаты қосымша білім беру мекемелерінің кәсіподақ мүшелері арасында үздіктерді анықтау, қолдау білдіру, зияткерлік ойындарды насихаттау, мекемеаралық байланысты нығайту болатын. Интеллектуалдық сайысқа жалпы 27 қызметкер қатысты. Ойын ережесіне сәйкес, әр іріктеу кезеңіне, яғни әр айналымға қатысушылар сұрақ-жауап арқылы іріктелді.
Іріктелген ойыншылар финалға шықты. Финалда жеңіске жеткен ойыншы «Бас жүлдеге» ие болды. «Жас туристер станциясы» мекемесінің кәсіподақ төрайымы Атекеева Дариға Болатқызы ойынды жүргізіп, барлық қойылған шарттар мен талаптардың жүзеге асырылуын бақылады. Ойыншыларға қазақтың салт-дәстүрінен, ұлттық-ойындардан, қазақ әдебиетінен сұрақтар қойылды. Осылайша көптің ішінен ерекшеленген 1-ші айналым қатысушылары: Жас туристер станциясынан Есей Маратұлы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан Нұрлыбек Болатұлы және Өнер мектебінен Мейрамгүл Саматқызы.
Екінші айналымның ойыншылары: Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан – Ботагөз Қажікәрімқызы, Өнер мектебінен Балдырған Төлегенқызы, Жас туристер станциясынан Сабыржан Русланұлы.
Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтардың жауабын бірінші болып тауып, үшінші ойынның қатысушысы атанған: Жас туристер станциясынан Қанат Болатбекұлы, Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан Рысты Тілеубекқызы, Өнер мектебінен Айзада Дәулетқұлқызы.
Тартысты додада үш айналымның жеңімпаздары анықталып, жартылай финалға жолдама алған «Өнер» мектебінің ұстаздары: Жекеева Балдырған Төлегенқызы, Сағатбекова Мейрамгүл Саматқызы, Шыныбаева Айзада Дәулетқұлқызы болса, топ жарып, көптің ішінен дараланып жартылай финал ойыншысы, одан әрі супер ойын жеңімпазы атанған «Өнер» мектебінің ұстазы Сағатбекова Мейрамгүл Саматқызы болды.
Айта кету керек, қызу ойында барлық қатысушылардан ең көп ұпай санын жинаған Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұстазы Исатаева Ботагөз Қажікәрімқызы.
Осындай керемет ойынды жоспарлап, жүзеге асырып, қосымша білім беру педагогтарының «Ғажайып алаңда» басын қосқан, білімдерін шыңдаған ұйымдастырушыларға, әсіресе Атекеева Дариға Болатқызына жеке алғыс білдіреміз.
Ойын барысында көпшілікті бір серпілтіп, көңілдерін көтерген кішкентай бүлдіршін Жанель Қанатоваға өнерің өрге жүзсін дейміз. Ойын соңында барлық жеңімпаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының Қарқаралы аудандық комитеті филиалының сый- сияпаттары табысталды.
Э.Сәдуақас,
«Қаламгер» жас тілші үйірмесінің жетекшісі.
-
Фото
-