БІЗДІҢ ӘРІПТЕСТЕР
Биылғы жылды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жарияланды. Осыған сәйкес бұрыннан жалғасын тапқан игілікті шараның бірі «Атырау облысы әкімдігінің білім басқармасы» ММ мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ арасында 2021 – 2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің орындалысы туралы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Келісім талаптары Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның мәжілістерінде, болмаса жұмыс берушілермен болған түрлі форматтағы кездесулерде жан-жақты талқыланып отырады.
7 сәуір күні «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Индер ауданында іссапарда болған сәтінде аудандық білім бөлімінің ұжымымен және бір топ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Кездесу барысында аудандағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, олардың еңбек жағдайларын жақсартуға арналған жұмыстар кеңінен сөз болды. Жиналыста Индер аудандық салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Қалжан Ахметова, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Шарбану Сабирова, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жарқын Қорғанбаевалар сөз сөйлеп, әлеуметтік әріптестік бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Төраға Қылышбай Сүндетұлы өз кезегінде Атырау облыстық білім беру басқармасының Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Матайқызы Ділмұқашеваның аудандағы білім беру мекемелері басшыларынан кәсіподақ ұйымдарымен бірлескен жұмыстарды талап ететіндігін, еңбек ұжымдарындағы «Ұжымдық шарттардың» орындалуына әрдайым көңіл бөліп отыратындығын атап өтіп, республикалық салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ
-
Фото
-