ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ ЖАСАУДА ҰҚЫПТЫЛЫҚ КЕРЕК
Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жамбыл облысына іс-сапары аясында Білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының өкілдерімен кездесті. «Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында өткен жиынға филиал мәртебесіндегі кәсіподақ ұйымының төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен кәсіподақ аппаратының қызметкерлері қатысты.
Федерация төрағасы ең алдымен «Кәсіподақ үйі» ғимаратын аралап, Жергілікті кәсіподақтың оқу-әдістемелік орталығында болды, құрылымдық бөлім қызметкерлерінің жұмыстарымен танысты. Мұнан соң Жергілікті білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков салалық кәсіподақ ұйымының өз мүшелерін құқықтық қорғау бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндады.
- 13 филиалдың құрамындағы 801 бастауыш ұйымға біріккен 67 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі-сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделері шынайы әлеуметтік әріптестік арқылы келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау, олардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы қорғалуда. Оның мысалы ретінде былтырғы жылы ұйымға түскен 867 жазбаша, 10 137 ауызша өтініштің оң шешілгенін, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде 2015-2021 жылдары 1.6 млрд.тг өндіріліп, қайтарылғанын келтіруге болады. 2020-2021 жылдары сауықтыру шараларымен 6225 кәсіподақ мүшесі қамтылып, оған 227,3 млн.теңге кәсіподақ қаражаты жұмсалғаны да соның дәлелі, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Мұнан соң Ерұлан Мағзымбеков бастауыш ұйымдардан бастап түскен ұсыныстар, жинақталған пікірлер негізінде Федерация басшылығын бірнеше мәселелерді шешуге септесуге шақырды. Олардың қатарында «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына енбеген сала қызметкерлерінің зейнетке шығу жасын төмендету, еңбекке жарамсыздығы парағы бойынша төленетін өтемақы көлемін 15 пайыздан 100 пайызға арттыру, ауылды жерде жұмыс істейтін азаматтық қызметшілерге отын-су үшін төленетін коммуналдық шығынды императивті нормаға ауыстыру, жұмыс беруші өкілдерін кәсіподақтың алқалы басқару органдарының құрамына енгізу, жас мамандар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға алғаш жұмысқа орналасқанда сынақ мерзімін алып тастау мен жалақыны индексациялау мәселелері бар.
Жергілікті кәсіподақтың атқарған жұмысы мен ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қоғамда кәсіподақтардың қызметі туралы қаңғыған сөз көп екендігін айтып, оларға осындай нақты істермен жауап қатуға шақырды.
- Қоғамда кәсіподақ жайында қаңғыған сөз көп. Мүшелік жарнасын сұраушылар бар. Егер кәсіподаққа саналы түрде мүшелікке енген адам болса мұндай сұрақ қоймас еді. Кәсіподақ игілігі ұжымдық шартпен қайтады. Сол ұжымдық шарттың мазмұнына, жұмыс беруші тараптан қарастырылатын жеңілдіктерге қол жеткізуге үлес қосқан адам ешқашан жарнасын сұрамайды. Мысалы, еліміздің мұнай компанияларында жұмыс істейтін әр жұмысшы орта есеппен жылына 50-100 мың көлемінде жарна төлейді де, ұжымдық шарт арқылы 800-900 мың теңге көлеміндегі жеңілдік алады. Ал сол ұжымдық шартты жүзеге асыратын кәсіподақтар. Ендігі кезекте осы ұжымдық шарттың талаптарын тек қана кәсіподақ мүшесі ғана пайдаланатындай етіп жасау керек, - деді Федерация төрағасы.
Алайда, ҚР КФ төрағасының мәліметі бойынша еліміздегі 145 мыңнан аса қабылданған ұжымдық шарттың 10 пайызында ғана мұндай жеңілдіктер, жалақыны индексациялау сынды артықшылықтар қаралған екен. Сондықтан да, Сатыбалды Дәулеталин ұтымды ұжымдық шарттар жасау арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту, сол арқылы кәсіподақтар қозғалысын дамыту басты мәселе екенін айтты. Ал Федерация өз тарапынан Еңбек кодексін өзгерту бойынша ауқымды шаралар атқарып жатқанына тоқталды.
- Қолданыстағы Еңбек кодексі либералды етіп жасалған және 80 пайыз нормалар жоғарыда айтқан ұжымдық келісім арқылы шешуге бағытталғанымен оған көптеген кәсіподақ ұйымдары дайын емес. Сондықтан Федерация жанынан жұмысшы топ құрылып, Еңбек кодексіне өзгертулер, толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүруде. Заңды өзгерту оңай емес, сондықтан нақты, дәлелденген ұсыныстар пакетін даярлап жатырмыз, - деген Федерация төрағасы былтыр орын алған 79 еңбек дауының жалақы мөлшерінің төмендігіне байланысты ушыққанын айтты.
- Бүгінде Еңбек кодексіне сәйкес еңбек ақы жүйесін жұмыс беруші қалыптастырады. Мемлекет тек қана ең төменгі жалақы мөлшерін анықтайды. Оған кәсіподақтар қатыса алмайды. Сондықтан біз Үкіметке Еңбек кодексінің 107 бабына өзгеріс енгізіп, еңбек ақы жүйесін қалыптастыруда кәсіподақтардың пікірін ескеру қажет деген ұсынысты бердік. Екінші мәселе, ең төменгі жалақы мөлшерін бекіту. Неге ол 42 500 немесе 60 мың болуы керек? Себебі, оны есептеудің әдістемесі әлі күнге жоқ. Соны есептеуді біз заңдастырып және сол ең төменгі жалақы мөлшерін жыл сайын индексациялауға тиіспіз деп санаймын, - деді Сатыбалды Телағысұлы.
Сөз кезегінде Федерация төрағасы «Жаңа Қазақстандағы» кәсіподақтардың рөліне тоқталып, әлеуметтік әділеттілік орнатудың артықшылықтарын айтты.
- Қазіргі қоғам мен азаматтардың көзқарасы өзгеріп, «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған өзгерістер орын алуда. Сол қоғамдағы кәсіподақтардың рөлі мен мәртебесі қандай болады деген үлкен сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Жаңа Қазақстандағы кәсіподақтардың мақсаты біреу ғана – ол еңбекшілердің құқығы мен мүддесін қорғау. Оған біз әлеуметтік әділеттілікті алға бастыру арқылы қол жеткізетін боламыз. Лайықты жалақы да, еңбек нормалары да барлығы осы әлеуметтік әділеттіліктің ішінде. Биыл Федерацияның бастамасымен - «Әлеуметтік әріптестік жылы» өтуде. Әлемдік тәжірибеде кәсіподақтың екі жолы бар, біріншісі – әлеуметтік әріптестік, екіншісі – ереуіл. Біз әрқашанда бірінші жолды таңдаймыз, - деді Сатыбалды Телағысұлы.
Жиын соңында Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Іргесі сөгілмеген бірлігіміз бар, ырысы төгілмеген тірлігіміз бар» деп, бірлікпен атқарылған тірлік болғанда қоғам да алға басатынын, еңбек қатынастары да реттелетін айтып, ой қорытты.
Жамбыл облысына іссапары аясында ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысына қатысып, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығында аймақтағы салалық кәсіподақ ұйымының, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесу өткізді.
«Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-