КӘСІПОДАҚ - ҚОРҒАНЫҢ
Ақтау қаласындағы «№13 гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2022 жылдың 30 наурызы күні «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Т.А.Баймбетова мен К.Еңсегенова мектеп мұғалімдерімен кездесті.
Ұжым қызметкерлерімен кездесудегі басты мақсат - кәсіподақ ұйымының негізгі міндетін айқындап, кәсіподақ мүшелерінің сауалдарына жауап беру. Кездесу барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Тәрбия Анайбекқызы ұжымдық шартты кеңінен талқылап, кәсіподақтың заңы және жарғылық құжаттармен көзделген жұмыс бағыттарына және кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау бойынша негізделген бағыттарға тоқталып, бүгінгі таңдағы ұжымдық шарттың маңыздылығы мен орындалысына байланысты бірқатар түсініктемелер берді.
Сонымен қатар салалық заңдылықтардағы өзгерістерге, облыстық білім басқармасымен бірге 2021-2023 жылдарға арналып қабылданған әлеуметтік әріптестік актілері және оларға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға да тоқталып, нақты ақпараттармен таныстырды. Бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымы тарапынан бірқатар жұмыстардың атқарылып отырғандығын атай келе, кәсіподақ мүшелерінің қатарын көбейту мен тұрақтандыруға және олардың құқықтарын қорғау жұмысында белсенділік танытуға шақырды.
Кәсіподақ қызметінің басты бағыты - кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау керектігін атап айтты. Мұғалімдер тарапынан ашық сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Жиын соңында ұжым қызметкерлері құқықтық сауаттылық пен маңызды ақпараттар алғаны үшін алғыстарын айта келе, кәсіподақ ұйымы-қолдаушы, қорғаушы күш екендігін түсініп, кәсіподақ ұйымының жұмысына сәттілік, толағай табыстар тіледі.
Р.Бекова,
Ақтау қаласы, «№13 гимназиясы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.
-
Фото
-