АЙМАҚТЫҚ АЛАМАНДА СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ СҮЙСІНТТІ
Елу жылдан бері еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау жолында ілкімді істер мен ауқымды жобаларды жүзеге асырушы Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы дәстүрлі спартакиадасының байрағын киелі мекен Ақсу-Аюлы ауылында көтерді.
Екі күн бойы Аюлы баурайын дүбірлеткен спорт мерекесіне Ұлытау, Жаңаарқа, Ақтоғай, Шет аудандары мен Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш командалары қатысты.
Салауатты өмір салтын насихаттап, ұстаздар қауымын күнделікті күйбеңнен сәл де болса алшақтатып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылған байрақты бәсекені өз құттықтауымен ашқан төраға Марат Қоңырбаев Әлеуметтік әріптестік жылы аясында спортшы-ұстаздарға сәттілік тілеуге арнайы келген Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровты «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлды Құрмет грамотамен марапаттады.
«Өмір – бұл қозғалыс» деген Аристотельдің даналығын басты ұстанымы еткен Жезқазған аймақтық кәсіподағы жыл сайынғы спартакиаданың ойын түрлерін алмастырғанмен, қалыптасқан қағида – ойындардың міндетті түрде ұжымдық әрі қозғалмалы болуына баса назар аударады. Сонымен бірге, бабалардан қалған асыл мұра – ұлттық ойындарды дәріптеп, насихаттауды да басты міндеті санайды. Сондықтан, былтыр тоғызқұмалақ турнирін өткізсе, биыл кәсіподақ мүшелері волейбол, үстел теннисімен қатар асық ату, бес тас, зіл тасын көтеруден бақ сынасты.
Білім-білік дағдысымен қатар білек күшімен, мергендік пен шапшаңдығымен ерекшеленген, «сен тұр, мен атайын» деген педагогтер тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Намысты қолдан бермей, бір-біріне есе жібермеген командалардың ішінен жүзден жүйрікті анықтау оңай болмады. Дей тұрғанмен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар суырылып алға шықты. Осылайша волейбол мен үстел теннисінде Жаңаарқа, Шет аудандары мен Сәтбаев қаласының спортшылары оза шапты. Ақтоғай ауданының намысын қоғаған Ерболат Қаржаубайдың асығы алшысынан түсіп, қарсыластарын шаң қаптырса, бес тасты жанына серік еткен балқаштық Жұлдызай Усманова да ептілігімен дараланды. Күш атасы Қажымұқанды пір тұтқан Бақытжан Мақажанов пен Нұржан Шегіровке, Нұржан Қалиевке зіл тасын көтеруде ешкім тең келмеді.
Әр ойын түрі бойынша жеңіске жеткен спортшыларға лайықты құрмет көрсеткен ұйымдастырушылар жалпы есепте көш бастаған командаларды қомақты қаржылай сыйлықпен марапаттады. Спартакиада қорытындысы бойынша Шет ауданының – бәсі жоғары. Олар алтыннан медаль тағынды. Қазақтың мақтанышы атанған Қанат Байшолақовтың жерлестері – жаңаарқалықтар жүлделі ІІ орынды қанжығасына байласа, Балқаштың бағландары қола жүлдегер атанды.
Жарысқа қатысу да – үлкен жетістік. Сондықтан, Жезқазған аймақтық кәсіподағы ірілік танытып, ешкімді бөле жармай спартакиаданың барша қатысушысын елеп-ескерді. Дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан кәсіподақ белсенділері де ескерусіз қалмай, естелік сыйлықтармен, Төрағаның Алғыс хаты, Құрмет грамотасымен мадақталды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі