ЖАРҚЫН ЖЕҢІС
Балқаш ұстаздарының делебесін қоздырып, қиқуға басқызған қалалық спартакиаданың жоспарына сәйкес жарыс алаңында волейболшылар бақ сынасты.
"Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" ҚБ-нің Балқаш қалалық филиалының төрайымы Асем Айтжановaның ұйытқы болуымен жалауы көтерілген жыл сайынғы дүбірлі доп додасында тақымын қысқан жанкүйерге тартысты ойын өрнегін көрсете білген командалар жеңіске деген жігерімен ерекшеленді.
Жарыс жолында жеңімпаз атану үшін намысты қолдан бермеуге тырысқан командалардың ішінен дене дайындығы жоғары әрі дұрыс тактиканы таңдай білген #16 жалпы білім беретін орта мектептің ойыншылары тағы да олжа салды. Үстел теннисінде күмістен алқа тағынған олар бұл жолы мектеп қоржынын алтынмен толықтырды. С.Сейфуллин атындағы #7 мектеп-гимназиясының волейболшылары жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, үздіктер үштігін қалалық спорт клубының командасы түйіндеді.
Жезқазған аймақтық кәсіподақ Төрағасының кубогін сарапқа салатын байрақты бәсекегеде де балқаштық ұстаздардың бағы мен бабы қатар шабатынына сенімі мол кәсіподақ көшбасшысы Әсем Бекенқызы жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетілуін қамтамасыз етті.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздың 28-29 жұлдызы аралығында Шет ауданының Аюлы баурайында Жезқазған аймақтық кәсіподағына мүшелік ететін қалалық/аудандық филиалдардың командалары кездеспекші. Қазіргі таңда филиалдардың ұйымдастыруымен жер-жерде педагогтар арасындағы аймақтық спартакиаданың іріктеу кезеңі өтіп жатыр.
Кәсіподақ мүшелерінің дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен дәстүрлі спорт мерекесі биыл волейбол, үстел теннисі және ұлттық ойындарды қамтымақ.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіпті одағының баспасөз қызметі