АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІ ОТЫРЫСЫ
Бүгін «Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі жылдық жұмыс жоспарына сәйкес кезекті Атқару комитетінің отырысын өткізді.
Күн тәртібінде облыстық ұйымның 2021 жылғы статистикалық есебінің қорытындысы, 2021 жылы кәсіподақ мүшелерін сауықтыру демалысын ұйымдастыру, облыстық ұйымның 2021 жылы атқарған қаржылық – шаруашылық жұмысының есебі туралы мәселелер қаралды.
Алқалы жиынды облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, кәсіподақ белсенділерін Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиынның күн тәртібімен таныстырып, облыстық ұйымның атқарған жұмысын тілге тиек етті.
Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан баяндама жасап, кәсіподақ мүшелерінің санын нығайтуға бағытталған жұмыстың нәтижесімен таныстырды. Облыстық ұйым мүшелік базасын сақтау мақсатында ауқымды шаралар қабылдағанын және биылғы жылы құрамына екі мыңға жуық сала қызметкерлерді қосқанын жеткізді. Бұл ретте, Ұйғыр, Панфилов, Кербұлақ аудандық, Талдықорған қалалық филиалдарының жұмысын жоғары бағалады.
Ал, облыстық ұйымның бас маманы Ләйлә Сағынғалиқызы 2021 жылы кәсіподақ мүшелерін сауықтыру демалысына ерекше мән беріп, ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Елдегі жағдайға байланысты кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға барынша басымдық берілгенін жеткізіп, коронавируспен ауырған 743 сала қызметкеріне материалдық көмек қарастырылғанын айтты. Облыстық кәсіподақ ұйымы «Сарыағаш», «Жаркент - Арасан», «Қаратал», «Текелі» шипажайлары мен демалыс орындарымен келісім-шарттар жасағанын және өткен жылы барлығы 692 кәсіподақ мүшесіне жолдама берілгенін жеткізді.
Облыстық ұйымның 2021 жылы атқарған қаржылық – шаруашылық жұмысының есебін кәсіподақтың бас есепшісі Айгүл Арымбаева баяндап, қаражат көлемі мен жұмсалу барысын нақтылады.
Жиын соңында ұйымдастыру мәселелері қаралып, қажетті қаулылар қабылданды.
«Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» қоғамдық
бірлестігінің баспасөз қызметі