ӘЗ-НАУРЫЗ КҮНГІ КӘСІПОДАҚ ШАШУЫ
Бүкілхалықтық мереке күні, дәлірек айтқанда 21 наурыздан бастап «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі осы салада ұзақ жылдардан мінсіз еңбек етіп жүрген 51 кәсіподақ мүшеciнe «Атырау» шипажайына тегін демалуға мүмкіндік жасады. Олардың арасында педагогтармен қатар біліктілігі жоқ техникалық қызметкерлер де болды. Бұл күні шипажай қызметкерлері демалушыларға бірнеше емнің түрін ұсынды. Атай айтқанда, атағы КСРО-ға кеңінен танылған «Қарабатан» саз балшығы, 325 метрден шығып жатқан минералды су (ванна), тұзды шахта, парафин және т.б.
Емделуге келген қонақтарды шипажай директоры В.Б. Өтеғалиева бастаған ұжым қарсылап алып, мекеменің қызмет көрсету аясында әңгіме қозғады. Кездесуде сөз алған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Сүндетұлы барша демалушыларды әз-Наурыз мерекесімен құтықтап, салалық облыс кәсіподақ ұйымының жұмыстарына қысқаша тоқтала кетті.
Емделуге келген қонақтар атынан ардагер ұстаз Б.Ж. Таубаев, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының мұғалімі А.Ж. Дөкесова, Мақат ауданы М.Баймұханов атындағы орта мектептің мұғалімі М.Б. Сатимова және т.б. облыстық және қалалық, аудандық білім саласы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне шын жүректен ризашылдығын білдірді.