ЖЫЛДЫҢ БАСЫ - ӘЗ-НАУРЫЗ
Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі. Бұл халқымыздың ең сүйікті және ең көне мейрамдарының бірі. 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды, сөйтіп дүниежүзі халықтарының тойлайтын мерекесіне айналды. 1926 жылы тойлауға тиым салынған мерекені қазақ халқына кері қайтарған – Мұқтар Шаханов. 1988 жылы ақынның жоғары коммунистік партия ұйымдарына жазған хатынан кейін елімізде Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат берілді.
Айтулы мерекені «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі де жоғары дәрежеде атап өтті. Атап айтқанда аймақтың барлық білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары бұл күні ерекше күйге енді. Олардың бастамасымен жер-жерлерде киіз үйлер тігілді, болмаса кең залдар көркемделінді. Білім беру саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагер ұстаздар мен зейнеткер қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалынды. 7 тағамнан әспеттеп дайындалған Наурыз көже таратылды. Қиял-ғажайып аңыздарындағы басты бейне – Қыдыр ата еліміздің тыныштығына, халқымыздың бай болуына бата берді. Мереке барысында ұлттық ойындар ойналып (бесікке салу, тұсау кесу, асық ойыны және т.б.), би биленіп, ән шырқалды. Бірін-бірі көрмеген жандар құшақ жая көрісті. «Көрісу күні» – адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, төс қағысты. Осындай айтулы мереке күні Атырау қалалық кәсіподақ филиалы 50 адамға сыйлық тартса, дәл осындай игілікті шараларды Исатай, Индер, Жылыой кәсіподақ ұйымдары да ұйымшылдықпен жүзеге асырды.
Ал, облыстық салалық кәсіподақ ұйымы әз-Наурызға тарту ретінде ағымдағы жылдың 21-ші наурызынан бастап білім беру жүйесінде ұзақ жылдардан белсенді қызмет атқарып келе жатқан 50 кәсіподақ мүшесіне «Атырау» шипажайында тегін демалуға жолдама берді. Атырауда Наурыз тойы жалғасын табуда.