ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖАҢАЛЫҚ
Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Әз-мейрам биыл да жақсылықтармен басталды. Жаңару мен жаңғырудың құтты бастауына айналған Наурызбен бірге әлеуметтік әріптестігіміз жаңа деңгейге көтеріліп, салаға серпін берер өзгерістер орын алуда. Олай дейтініміз, облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов пен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков шуақты мереке қарсаңында білім саласындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында 2021-2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты Келісімге сала өкілдерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсуге бағытталған кезекті өзгерістер мен толықтырулардың бір парасы енгізілген Қосымша Келісімге қол қойды.
Халықаралық тәжірибеде, әлемдік қауымдастықта кез-келген еңбек дауының тараптардың теке-тіресі мен еңбек қақтығысына ұласып кетуіне тосқауыл болатын, оның алдын-алуға пәрменді ықпал ете алатын өркениетті әдіс-тәсіл КЕЛІСІМ мен МӘМІЛЕ жасай білу екендігі бесенеден белгілі. Осы орайда, білім саласындағы уәкілетті орган, ең басты әлеуметтік әріптес – Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен бірлесіп өткізген бірнеше алқалы жиын, пікіралмасу, тараптардың өз уәждерін ортаға салып дәлелдеу нәтижесінде қабылданған өзгертулер мен толықтыруларға қысқа ғана шолу жасасақ.
Өндірістік қажеттілікке байланысты жағдайларда педагог қызметкерлердің оқу жүктемесінің көлеміне білім беру саласындағы заңнамада көзделгеннен артық көлемде жол беру мүмкіндігі;
білім беру ұйымдарының басшы қызметкерлеріне уәкілетті органмен келісім бойынша негізгі жұмыс орны бойынша толық ақы төлене отырып, нормативтік оқу жүктемесінің 0,5-нен аспайтын көлемде қоса атқару немесе қоса атқару шартымен қосымша педагогикалық жұмыс беру мүмкіндігі.
Бұл ретте басқару органы мен білім беру ұйымының басшысы арасында еңбек шартына қосымша келісім жасау, ал басшы орынбасарларына қосымша педагогикалық жұмыс ұсынылған жағдайда ұйым басшысы мен оның орынбасары арасында еңбек шартына қосымша келісім немесе жеке еңбек шартын жасау тәртібін белгілеу.
басшы санатындағы педагогтарға өндірістік қажеттілікке байланысты нормативтік оқу жүктемесінің 0,5-тен асатын жүктемесіне жол беру мүмкіндігі;
бір білім беру ұйымынан екіншісіне ауысқан кезде басшы орынбасарының біліктілік санатын, оның қызмет бағытына қарамастан мерзімі өткенге дейін сақтау;
педагогтардың білім беру ұйымдары арасында ауысқан кезде: бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, мектепке дейінгі (мектепалды) тәрбие мен оқыту, арнайы, мамандандырылған, қосымша білім беру кезінде оқытылатын пәннің бейіні (лауазымы) сәйкес келген жағдайда мұғалімдердің (педагогтардың) бар біліктілік санаттары мұғалімнің (педагогтың) жаңа лауазымында теңестіру және (немесе) сақтау;
оқытатын пәні бойынша тиісті санаты бар педагогтың жалпы білім беретін ұйымдарда, қосымша, техникалық кәсіптік, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қоса алғанда, бір немесе бірнеше білім беру ұйымдарында қоса атқаратын және (немесе) ұқсас бейін бойынша сабақ беретін жағдайда, біліктілік санатын қолдану;
аттестаттаудың қолданыстағы Ережесінен түсіп қалған біліктілік санаты бар педагогтардың өтініші негізінде, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге, санат мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін бірқатар жағдайлардың қабылдануы;
жасына байланысты зейнеткерлікке дейін төрт жылдан аспайтын мерзім қалған педагогтарға біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзартып, тиісінше кезекті аттестаттаудан босату кепілдігін беру;
объективті себептер бойынша, педагог қызметкердің аттестаттау рәсіміне қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда біліктілік санатын растау немесе арттыру құқығын сақтай отырып, бір деңгейге төмендету мүмкіндігі;
өтпелі кезеңде «екінші», «бірінші», «жоғары» санаты бар педагогтарды аттестаттау кезінде, егер педагогта мәлімделген санатқа балл саны жеткіліксіз болса, біліктілік санатын оның мерзімі өткенге дейін сақтап, одан әрі біліктілік санатын бір деңгейге төмендету және келесі аттестаттау кезеңіне дейін қолдану;
ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша ақыны педагогтарды, мұғалімдерді, педагог-психологтарды, әлеуметтік педагогтарды, қосымша білім беру педагогтарын, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарын ұйымдастырушылар педагогтарын және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтарына қоса алғанда 10 АЕК мөлшерінде төлеу;
Осы қосымша ақыны оқу жүктемесі түрінде қосымша педагогикалық жұмысы бар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшыларына, басшы орынбасарларына да белгілеу;
техникалық-қосалқы қызмет өкілдері болып табылатын қызметтік бөлмелерді тазалаушы жұмыскерлерге 30 күндік еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысын беру;
АӘД оқытушы-ұйымдастырушыларының (Бастапқы әскери және технологиялық даярлықтың оқытушы-ұйымдастырушысы) айлық жалақысы лауазымдық жалақыдан және жалпы негіздерде есептелетін нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарына ақы төлеу. Ал жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы нақты оқу жүктемесін ескере отырып, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы-оқытушының лауазымдық айлықақысына 30% мөлшерінде белгілеу.
Міне, сала қызметкерлері үшін осы және өзге де игіліктер көздейтін Келісім алдағы уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігiнде тіркеуден өткен соң, 2022 жылдың наурыз-сәуір айында барлық білім мекемелері мен ұйымдарында құтты құжаттың мазмұнын, артықшылықтарын түсіндіру, насихаттауға арналған көшпелі семинарлар өтеді. Келісімге енген өзгерістер Жергілікті кәсіподақтың филиал мәртебесіндегі ұйымдары мен аудандық, қалалық білім бөлімдері арасында жасалған ұжымдық шарттардан да көрініс табатын болады. Тараптар ендігі кезекте Келісімде көрініс тапқан нормалардың жүзеге асуына күш салатын болады.
«Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі.