ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Келелі кеңеске филиал мәртебесіндегі аудандық және Тараз қалалық ұйым жетекшілері мен есепші-мамандар, тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімнің жетекшілері қатысты.
Жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына тоқталды. Кәсіподақ төрағасы қоғамдық ұйымның Президенттің жүйелі және кең ауқымды реформаларын толығымен қолдайтынын атап өтті.
- Бұл саяси бағыттағы жолдау болды. Президент сөзімен айтқанда «Жолдаудың жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек». Елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформаланатын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жаңа Қазақстанның кәсіподақтары да жұмысшы құқығын қорғау, еңбек заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылау жасау, еңбек қауіпсіздігін, жұмысшылар арасындағы әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету шаралары арқылы қоғамның кәсіподақ ұйымдарына деген көзқарасын да, пікірін де өзгертуі тиіс, - деді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Заман талабына сай жаңғырудағы кәсіподақтардың жаңа жүйесінің бір мысалы – кәсіподақтың қаржылық саясаты. Осы орайда, Атқару комитеті мүшелерінің назарына облыстық білім басқармасына тікелей бағынысты білім мекемелерінің қызметкерлері мүше болып табылатын Кәсіподақтың Біріккен комитеті филиалының қаржы саясатының тәжірибесі ұсынылды. Тәжірибе алаңында филиалдың кезекті қаржы жылына кіріс және шығыс сметасын бекітуден бастап, оның бастауыш ұйымдарға қайтуы мен мақсатты жұмсалуы, ол қаражатты бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің тексеруіне дейінгі мәселелер көтеріліп, бірнеше мекеменің бастауыш ұйым мүшелерінің қатысуымен көрініс, бейнеролик түріндегі мысалдармен өрнектеліп, көрсетілді.
Бұдан соң күн тәртібіне сәйкес төраға орынбасары Берік Баймағамбетов облыстық білім басқармасы мен жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілері - Келісім мен ұжымдық шарттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша келіссөздердің нәтижелері мен қорытындылары туралы баяндады. Атқару комитетінің мүшелері ақылдаса келе алдағы маусымда облыстық жас педагогтердің жазғы лагерін ұйымдастыру мен өткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге жыл соңында «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының дәстүрлі фестивалін өткізуге келісті.
Жиында қаралған тағы бір өзекті мәселенің бірі - 2022 жылға арналған кәсіподақ оқуларының жоспары нақтыланып, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдері үшін 2022 жылға арналған сауықтыру шаралары сөз болды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі