КӨШБАСШЫЛАР КЕЗДЕСУІ: ӨТКЕНГЕ ЕСЕП, БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР
Бүгін Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаевтың төрағалығымен Атқару комитетінің және Кеңестің отырысы өтті.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарамас бұрын Төраға қашықтан арысы Балқаштан, берісі Сәтбаевтан қосылған кәсіподақ филиалдары мен комитеттердің төрайымдары мен басқа да нәзік жандыларды көктем мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Алқалы жиында 2021 жылы атұарылған ауқымды істердің қорытындысы шығарылып, биылға жаңа міндеттер қойылды. Атап өтер болсақ, белсенділердің талқылауына кәсіподақ қатарын көбейту мен ақпараттандыру жұмысының сапасын арттыру, ревизиялық комиссияның атқарған жұмыстарының есебі, кәсіподақ бюджетінің орындалысы ұсынылды.
Сонымен бірге, Атқару комитетінің мүшелері жыл сайын студенттерге тағайындалатын кәсіподақ шәкіртақысын алатындардың тізімін бекітіп, Балалар жылы мен Әлеуметтік әріптестік жылы шеңберінде өтетін шаралардың жоспарымен танысты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өскелең ұрпақты қолдауға баса назар аударылуы қажет деген Үндеуін жүзеге асыруға ат салысуды мақсат тұтқан аймақтық кәсіподақ аппараты мен оның филиалдары 100-ге тарта іс-шара жоспарлады. Оның межелі істердің әралуандығына да баса назар аударылғанын айта өту керек. Балалар шығармашылығын шыңдап, талантын ашуды көздейдін байқау, конкурстармен бірге білім бәйгелері мен спорттық ойындар, сауықтыру, оңалту, қайырымдылық көрсету мен мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу бағытында ауқымды жұмыстар атқармақ.
Отбасы институтын нығайтуды да назарға алған кәсіподақ Әлеуметтік әріптестік жылы аясында Жезқазған-Ұлытау аймағында балалар лагерін жандандыру, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып, денсаулығында кінәраты бар балаларды тегін емдеу мен оңалтуды қаузайтын ұсыныстарды жан-жаққа тиісті уәкілетті органдарға білдіріп жатыр. Білдіріп қана қоймай оның оң шешімін табуына барынша септесуде.
Бүгінде әлеуметтік әріптестіктің арқасында кәсіподақ мүшелерінің отын-суға берілетін коммуналдық төлемдері төленіп, медициналық тексерістен жыл сайын тегін өту мүмкіндігі ұсынылды. Биылдан бастап Ұлытау ауданындағы ұстаздармен щатар техникалық қызметкерлер де аталған көмектен құр қалмақ емес. Алдағы күндері бұдан да үлкен мәселердің шешімін табуы жолында тыңбай еңбек етіп жатқан аймақтық кәсіподақтың құқықтық қорғау, еңбек қауіпсіздігі мен кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, ынталандыру, бұқаралық-мәдени шаралар өткізу бағытында қыруар істер атқарған. Есептік кезеңде 282 кәсіподақ мүшесіне құқықтық көмек берілсе, тағы бір қызметкердің құқығын заңгер сот алдында қорғаған. Білім ордаларында еңбек қауіпсіздігін сақталуына бақылау жүргізетін кәсіподақ оқыту семинарын ұйымдастырып, жер-жерде әдістемелік көмек көрсетуді де жолға қойған.
Өткен жылдың есебін оң бағалаған Кеңес мүшелері жоспарға сәйкес өз ойларын ортаға салып, бұрынғы Жезқазған облысының аумағын қамтыған өңірдегі жалғыз ұйымның жұмысын шеберлікпен ұйымдастырып отырған Марат Сейілбекұлына алғыс білдірді.
Жиын соңында миллиондаған мүшесі бар Айгүл Мұқашева бастаған салалық кәсіподақтың Кеңесі мен Атқару комитеті отырысында жүктелген міндеттерді орындау бойынша филиалдарға нақты тапсырма беріліп, оның орындалысын қосымша тыңдауға уағдаласты.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі