КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Талдықорған қалалық ардагерлер Кеңесі мен Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің кәсіподағы бірлесіп «Анаға арнап ән салам» атты салтанатты қабылдауын ұйымдастырды.
Мерекелік шараға сала ардагерлері, мекеме басшылары мен аудандық, қалалық филиалдардың және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Салтанатты қабылдауға шақырылған қонақтарға алдымен құттықтау хат пен гүлдер табысталды.
Шара барысында алғашқы құттықтау сөзін Талдықорған қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков алып, сала ардагерлерінің білім беру ісіндегі еңбегін жоғары бағалап, бірқатар зейнеткерге облыстық және қалалық ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамоталарын табыс етті.
Кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптесі Алматы облысы білім басқармасының басшылары да аталған шараға шақырылды. Болашақтың іргесін қалайтын маңызды тұлғаларға білім беріп, мейіріміне бөлеген педагогтардың жұмысын жүйелеген білім басқармасының атынан сөз алған Гүлсара Исағұлова ұстаздарға ақ тілегін арнады. Еңбектерін бағалап, ризашылығын білдірді.
Ал, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қаһарман Жақсылық нәзік жандарға арналған ақ тілегін айтып, кәсіподақтың бағыты мен бағдарын нақтылап берді.
Сонымен қатар, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, кәсіподақ мүшелерінің 75% әйелдер екенін айтып, мерекемен құттықтады. Олардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін атап өтті.
Шара барысында бірқатар кәсіподақ үздіктері жоғары, кәсіптік-техникалық және орта білім беру жүйесіндегі көпжылғы еңбегі мен шығармашылық табысы, өңірде кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Салалық кәсіподақтың, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақтар орталығы мен облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты жиынның өтуіне Оқушылар сарайының еңбек ұжымы да атсалысып, жас өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламасын көпшілікке ұсынды.
«Алматы облыстық білім,
ғылым және бюджеттік
ұйымдар қызметкерлерінің
кәсіподағы» қоғамдық
бірлестігінің баспасөз қызметі