«ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ МЫҚТЫ»
Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ Ақтау қалалық филиалы «Алғыс айту» күніне орай Ақтау қаласының Ибаш Жанболатова атындағы №15 жалпы білім беру орта мектебінің ардагер ұстазы Үзілді Нұрмұханованың 60 жас мерейтойына арналған салтанатты шара ұйымдастырды.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында мектеп директоры А.А.Досов шараға қатысушылар мен ұжым қызметкерлерін құттықтап, әріптестеріне алғыс білдірді.
Мерейтой иесі Үзілді Нұрмұханованың жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі қиыны мен қызығы қатар жүретін еңбегінің жетістіктерін атап өтіп, ұжым атынан құттықтауын жеткізді.
Шара барысында Үзілді апайдың шәкірттерінің құттықтауларына кезек берілді. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы кішкентай шәкірттер, бүгінгі қоғамның белсенді азаматтары ұстаздарына алғысын өлең жолдарымен әсерлі жеткізіп, ұстазына үлкен құрметпен бас иді.
Ардагер ұстаздарды Ақтау қалалық филиалының төрайымы К.Енсегенова да құттықтады. Барша ұстаздар қауымының кәсіби қызметтеріне толағай табыстар тілеп, кәсіподақ ұйымы атынан алғыс білдірді.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Үзілді Нұрмұхановаға Ақтау қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының Алғыс хаты мен сыйақысын тарту етті.
К.Енсегенова сөз соңында кәсіподақ қозғалысы, ұжымдық шарттың рөлі туралы түсінік беріп, биыл 2022 жыл - «Әлеуметтік әріптестік» жылы болып жарияланғанын жеткізді.
Бұл орайда мектеп директоры А.Досовқа кәсіподақ қозғалысының дамуына қосып келе жатқан үлесі үшін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ Ақтау қалалық филиалының атынан Алматы қаласындағы «Көктем» шипажайына жолдама берілді.
Мерекелік кеш соңында ардагер ұстаз С.Шудабаева мерейтой иесіне, ұжымдастарына құттықтауын жеткізді. Қалалық кәсіподақ ұйымына алғыс білдіріп, жұмысына толағай табыстар тіледі.
К.Еңсегенова,
Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымының Ақтау қалалық филиалының төрайымы.