МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ ЖАНДАР
Апта ағымында Қызылорда облысының, Сырдария ауданындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында 1 – наурыз «Алғыс айту» күніне орай «Шын жүректен алғыс айтамын!» тақырыбында білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізілді. Кездесуге аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Есназар, ұлағатты ұстаздар, білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан техникалық қызметкерлер қатысты.
Көктемнің алғашқы күнінде ұйымдастырылған тағылымды кешті ашқан Алмас Зейноллаұлы білім саласы қызметкерлеріне шынайы алғыс айтып, мерекемен құттықтады.
– Қадірлі ұстаздар, құрметті білім саласының қызметкерлері, Сіздерді «1 наурыз – Алғыс айту» күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздер халық баласын оқытуға барлық ерік-жігерлеріңізді арнап келесіздер. Арамызда талай жыл білім саласының өркендеуіне үлес қосқан азаматтар отыр. Біз кәсіби мамандарымызды мақтан тұтамыз. Олардың әрбір қызметін жоғары бағалаймыз. Ұлт болашығы үшін ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп келесіздер. Күні бойы барлық жүктемені абыроймен атқаратын сала мамандарына құрмет ерекше. Бұл ретте, барша білім беру ісінде өзіндік қолтаңбасы бар жандарға алғыс айтамыз, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Жиналғандарға аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков пен аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Есназардың «Алғыс хаты» тапсырылды.
Аудандық оқушылар үйінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Шолпан Ералиева сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
– Біз бүгін мазмұны терең, танымды кештің куәгері атандық. Әріптестеріміз зор серпіліс үстінде отыр деп ойлаймын. Үнемі бар ауыртпалықты көтеретін техникалық қызметкерлер марапат төрінен көрінді. Әркез оларға қолдау көрсеткен сала басшыларына ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға мереке құтты болсын, – деді Шолпан Ералиева.
Кеш барысында мектеп оқушылары ән айтып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.