ХОККЕЙ: МЫҚТЫЛАР ОЙЫНЫ
Жезқазған аймағының білім саласы қызметкерлері тағы да таң қалдырды. "Қорқаулар хоккей ойнамайды" деген қағиданы ұстанған ұлытаулық әріптестеріміз жұма күні мұз айдынында кездесіп, бесаспап екендерін дәлелдей түсті.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының желілік кестесіне сәйкес шайбалы хоккейді Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Канат Жылкыбаев ұйымдастырды. Бір күнге қаламдарын хоккей таяқшасына алмастарғандардың қатарында Жезді мектеп интернатының, Ұлытау және Жезді тірек мектептерінің, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің кызметкерлері бар.
Кәсіби спортшы болмаса да конькимен сырғанай жүріп, қарсыластың қақпасына шайбаны дәлдеп тигізген әуесқойлар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бір-бірінің қақпасы жанында дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырып, тегеурінді қарсылық таныта білген командалар намысты қолдан бермеуге тырысты. Дегенмен, мергендігімен ерекшеленген Жезді Мектеп Интернат командасы шабуыл тактикасының арқасында қарсыластарынан басым түсіп, жүлдеді І орынды жеңіп алды.
Ақтық сында жолыққан Ұлытау тірек мектебі мен білім бөлімінің қызметкерлері де бір-біріне есе жібермей, қақпаға шайба салумен болды. Тартысқа толы кездесу тең аяқталады деп көрінгенімен тірек мектебінің шабуылшысы жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Ол соңғы кезеңнің аяқталуына бірер минут қалғанда есепті еселеп, командасына жеңіс сылайды. Осылайша, кәсіподақ кубогін сарапқа салған жарыстың күміс жүлдесі Ұлытау тірек мектебіне бұйырса, білім бөлімінің командасы қола жүлдені қанағат тұтты.
Ойын барысында шеберлігімен көзге түсіп, жеңіске деген жігерімен дараланған Бауыржан Омаров, Медет Есмағанбетов, Мұратбек Дюсебеков, Батырхан Базылбеков пен Еркебұлан Ақылбеков төрағаның Алғыс хатымен еленді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фото
-