ЖАСТАР СӨЗ ЖАРЫСТЫРДЫ
Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына еңбек етушілермен қатар студенттер де мүшелік ететінін бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Құрамында қырық мыңға жуық жасы бар кәсіподақ олардың заңды мүдделерін қорғаумен қатар денсаулығын нығайтуға, бастамаларын қолдауға және біліктілігін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін дамытуға баса назар аударады. Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жасалған 2022 жылдың жоспарына сәйкес «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподағы А.Мусин атындағы гуманитарлы-техникалық колледжінің студенттерінің қатысуымен дебат турнирін ұйымдастырды.
«ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ: ОНЛАЙН және ОФФЛАЙН» тақырыбын талдаған тараптар нақты мысалдар негізінде қашықтан оқудың пайдасы мен зиянын ашып көрсетуге тырысты. Елімізде COVID-19 пандемиясына байланысты білім беру нысандарының қашықтан оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Бұл жас ұрпақты білім нәрімен сусындату мақсатындағы ең оңтайлы шешім болғанымен оның салмағы барын да көрдік. Ұстаздардың шеберлігін ұштап, індеттің таралуына шамалы болса да тосқауыл болған қашықтықтан оқытудың денсаулыққа айтарлықтай залал тигізгенін жасыра алмаспыз. Компьютер мен смартфонға шұқшиған оқушы мен ұстаздың байланысы үзілуге шақ қалғаны тағы бар.
Осы сынды аргументтерді алға тартқан командаларды марапаттау салтаныта келген қалалық кәсіподақтың төрайымы Әсем Айтжанова ой ұшқырлығын сынайтын дәстүрлі дебат турнирі өскелең ұрпақтың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, ойын еркін жеткізуге бастайтынын, сондай-ақ қарсы пікірге қарамастан өз ойының дұрыстығын дәлелдеуді үйрететінін тілге тиек етті де, сөз бәйгесінің жоғары деңгейде өтуінде колледж басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Перизат Төлегеннің үлесі барын атап өтті.
Ел болашағына сапалы білім беріп, дұрыс бағдарлай білген ордалы оқу орнының ұжымына аймақтық кәсіподақ төрағасы Марат Қоңырбаевтың ризашылығын жеткізген Әсем Бекенқызы дебат жеңімпаздарын мақтау қағаздарымен мадақтап, ақшалай сыйлық тапсырды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фото
-