ӘДІЛЕТ БАРДА – ДАМУ БАР
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 18-желтоқсандағы арнайы резолюциясымен бекітілген Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнінің маңызын бүгінде қай-қайсымыз білуіміз әрі терең ұғынуымыз қажет. Ұғынып қана қоймай, оның күнделікті өмірде жүзеге асуына септесу міндеті де бізге жүктелген. Сондықтан, «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-нің Сәтбаев қалалық білім қызметкерлері кәсіподағы 20 ақпан – Дүниежүзілік әділеттілік күні аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарында кездесу ұйымдастырды.
Семинар, дөңгелек үстел форматында өткен жиынның алғашқысы №16 жалпы білім беретін орта мектеп пен «Балдырған» бөбекжайының ұжымын қамтыды. Әріптестерін дөңгелек үстелдің басына жинаған БКҰ төрайымы Лаура Махаева өз сөзінде әлемдік қауымдастықтың көздеген мақсаты біздің елдің басты құжаты Конституциямен де шегеленгенін тілге тиек етті.
Естеріңізге сала кетсек, Ата заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуді біздің қоғам да құп көрмейтінін алға тартқан Лаура Қабылқайырқызы кәсіподақ тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан қыруар істерге тоқталды.
Балабақшада ұжымдық келісім-шарттың орындалуы, қызметкерлердің құқықтары, жұмыс орнындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы әлеуметтік әділеттілікті бір көрінісі дегенді баяндамасына арқау еткен «Балдырған» бөбекжайының БКҰ төрайымы Инесса Кутеева жыл өткен сайын білім және тәрбие беру мекемелері қызметкерлерінің жағдайын жақсарту жолында қабылданып жатқан реформалардың игілігі арқасында қазіргі таңда әріптестерінің өмір сүру деңгейі жоғарылап, әл-ауқаты артып жатқанын жасырмады. Оның бұл сөзін тәрбиешілер мен өзге де әріптестері қолдап, растады.
Шынында, әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестіріп, иық тірескен Тәуелсіз Қазақстан бүгінде әйел мен ердің теңсіздігі, ұлтаралық қақтығыс сияқты проблемалардан ада. Біздің елде білім алуға, еңбек етуге, емделуге, зейнеткерлікке шығуға және т.б игіліктерге бәріне бірдей тең құқықтар берілген. Бұл – өз кезегінде әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі.
Жиын соңында өз ойларын ортаға салып, қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алған кәсіподақ мүшелері ұсыныстары мен тілектерін жерде қалдырмайтын білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының көшбасшыларына алғысын білдіріп, қолда барда алтынның қадірін білу керек деген ортақ пікірде тарқасты.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фото
-