ЖАРЫС ЖОЛЫНДА - ШАҢҒЫШЫЛАР
Спорт денсаулықтың кепілі екенін жақсы білсек те, күнделікті күйбең-тірліктен әрі аса алмай жатамыз. Осы сәтте кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылатын бұқаралық-спорттық шаралардың маңызы ерек. «Жарыс басталады» дегенді естігендер дене дайындығына уақыт бөліп, өзін жеңіске жігерлендіре түседі.
Өткен аптада бос уақытын шаңғыда өткізген Балқаш сервис колледжінің ұжымы бұл сөзімізге дәлел болса керек. Олар ақпанның шуақты жексенбісінде бағы мен бабын сынады.
«Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподағына қарасты сервис колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Надежда Крылованың бастамасымен ұйымдастырылған шаңғымен жүгіру жарысы дәстүрге айналғалы қашан. Сондықтан, колледждің оқытушылары, шеберлері мен кіші қызметкерлері қыс келісімен аталған шараның өтуін асыға күтеді. Шаңғыларын майлап, жарыс алаңына шыққан әуесқой спортшылардың жасына шектеу қойылмады. Жасы да, жасамысы да қатысуға ниет білдіргендерді қолдаушылар да табылды.
Ұжымның бірі қалмай жиналған шаңғы жарысының қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Азамат БӨКЕНОВ жеңіп алса, Әсел ТОЙҒАНБАЕВА мәре сызығына екінші жетті. Қола жүлдені Асхат БИЖАМБЕК қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға қалалық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Салауатты өмір салтын насихаттап, кәсіподақ мүшелерін сергіту мен олардың денсаулығын нығайтуды көздейтін және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды зерделеуге, сондай-ақ әріптестер арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға негіз болатын спорттық шаралар алдағы күндері де жалғасын табатынын хабарлап, спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын Балқаш сервис колледжінің ұжымына кәсіподақтың байрақты бәсекелерінде сәттілік тілейміз!
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фото
-