ҰСТАЗ ЕСІМІ - МӘҢГІЛІК
"Өлсе өлер, табиғат, адам өлмес" деп дана Абай айтпақшы артында өнегелі іс қалдырғандардың есімі ұрпақтар жадында ғасыр өтсе-дағы сақталады. Аты аңызға айналған арда азаматтардың бірі әрі бірегейі - Сәкен Шәріпұлы ЖОЛДЫБАЕВ. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтап, тағлымды өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында "Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" ҚБ-нің Сәтбаев қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының және қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен волейболдан қалалық турнир өтті.
1954 жылы Қарағанды облысына қарасты Тельман ауданының Топаревка ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Сәкен Шәріпұлы өмірінің 40 жылын мектепте өткізіп, алдына келген шәкірттерінің денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануына үлес қосты. Спорттың сан түрін жетік меңгерген мұғалім талай спортшыны түлетті десек артық болмас. Жастардың жеңіске деген жігерін жанып, табандылыққа тәрбиелеген Сәкен ағайдың ұстаздықты таңдаған жас мамандарға деген қамқорлығы бір төбе. Ұстаздардың ұстазы атанған Сәкен Жолдыбаевты еске алуға арналған турнирге оның ізбасарлары қатысты.
Кәсіподақ кубогін сарапқа салған ойынның тартысты өтуі заңдылық. Намысты қолдан бермеуге тырысқан ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен дене дайындығына да таңданбасқа болмас.
Ойын қорытындысы бойынша ала допты қолда ойнатқандардың арасынан суырылып шыққан Абай атындағы #4 мектеп-лицей командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. ІІ орын #19 мектеп-лицей командасына бұйырса, #7 және #15 мектептердің құрама командасы қола жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен бірге, ойын өрнегімен ерекшеленгендерге ұйымластырушылар тарапынан номинациялар берілді. Атап айтқанда Амангелді Аскаров үздік қорғаушы, Шермухамбет Мизанбаев үздік үлестіруші, Серік Жұматаев үздік шабуылшы атанды.
Жеңімпаз командалар кубокпен, ойыншылар Грамота және медальмен марапатталды.
-
Фото
-