ӘДІЛДІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАУЫ
Бүгінде жастардың басым көпшілігі кәсіподақтың қызметі мен оның рөлін біле де, түсіне де бермейді. Сондықтан, «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Әсем Айтжанова Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттік күні қарсаңында жас мамандарды дөңгелек үстел басына жинады.
– Ұстаздық жолды таңдаған ізбасар әріптестеріммен кездесуді дәл бүгінге жоспарлағаным кездейсоқ емес. 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен жарияланған әлеуметтік әділдік күні қарапайым адамдардың әл-ауқатының артуына кепілдік беруді, кедейлікті жойып, адам бостандығы мен құқығының тапталуына жол бермеуді мақсат тұтады. Аталған міндеттер біздің, яғни қазақстандық кәсіподақтардың да басты ұстанымы болғандықтан, жүздесуді осы күнге белгіледік, – деп өз сөзін бастаған төрайым жастарға олардың құқықтарын кеңінен түсіндіріп, кәсіподақ әділетсіздік танытатын жағдайларға көз жұма қарамайтынын жеткізді.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жұмыс берушілер тарапынан өз қызметкерлеріне әділетсіздік танытатын жағдайлар жиі орын алып жатады. Бұндай проблема білім саласында да жоқ емес. Бізге күніне кем дегенде екі-үш адам хабарласады. Өз тарапымыздан құқықтық көмек беріп қана қоймай, жағдайды ушықтырмай, еңбек дауларының алдын алу мақсатында жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасын реттеуге білек сыбана кірісеміз. Осы ретте ҚР Еңбек кодексіне, кәсіптік одақтар және білім туралы заңдарға арқа сүйейміз, – деген Әсем Бекенқызы еңбек келісімін жасау тәртібі туралы, еңбек адамының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында кәсіподақтың қол жеткізгенетістіктерін жіпке тізді.
Олардың ішіндегі ең ауқымдысы – миллиондаған мұғалімнің беделін арттыруға мүмкіндік берген ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы.
Әрі қарай сұрақ-жауап форматында өрбіген кездесу барысында жиналғандар өздерін толғандырған жеке табыс салығы, сағат жүктемесі мен аттестаттаудан өту тәртібі, біліктілігін арттыруға қатысты сұрақтарға тұщымды жауап алып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпаратқа қанықты. Келісу комиссиясының жұмысына үңіліп, еңбек қатынастарын реттеуде ұжымдық еңбек шартының ерекшелігін ұғынды. Өздерін еркін ұстап, ойындағысын бүкпесіз ортаға салған балқаштық жас мұғалімдерді баспана мәселесі алаңдатса керек, оларды мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламалары қатты қызықтырады екен.
Үш сағатқа созылған кездесуден құқықтық сауаттылығы артып қана қайтпай, пікір алмасып, алдына жаңа меже қойған ұстаздар кәсіподақ төрайымына алғыстарын білдіріп, жиі жиналып тұруға ұсыныс білдірді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фото
-