БАЛҚАШ ҰСТАЗДАРЫНЫҢ БІРЛІГІ БЕКЕМ
Қай салада ашықтық пен жариялық болса, сол салаға деген қоғамның сенімі күшейеді. Сенім өз кезегінде қарқынды даму мен нәтижелі жұмысқа бастайтыны анық. Осы принциптен бір елі де алшақтамауға тырысатын "Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікіті кәсіптік одағы" ҚБ -ніңБалқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Әсем Айтжанова өзіне сенім артқан мыңдаған қызметкердің сеніміне селкеу түсірмеу үшін есеп беру кездесулерін тоқсан сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Карантин шектеулеріне байланысты қашықтан өткен жиында өткен жылы еңсерілген ілкімді істерге шолу жасалып, биыл межеленген ауқымды жобалар талқыға түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды балаларға арнау жайындағы Үндеуін қолдау мақсатында биыл балқаштық балғындарға баса назар аударуды құп көрген төрайым Әсем Бекенқызының жоспарында жазғы сауықтыру, қайырымдылық шаралар мен түрлі байқау-конкурс ұйымдастыру бар. Жоспар жобасы көңілінен шыққан бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділеріне одан әрі қызметкерлерді сауықтыртыру мақсатында берілетін шипажай жолдамаларын үлестірудің тәртібі, сондай-ақ білім ордаларындағы кәсіподақ комитетінің құжаттарын жүргізу түсіндірілді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауды мақсат еткен келісім комиссияларының еңбек ұжымдарындағы бүгінгі рөлі нақты мысалдар негізінде көрсетілді.
Алдағы күндері де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білім қызметкерлерінің мүддесі жолында аянбай қызмет етеміз деген Балқаш қалалық кәсіподағы төрайымы мен БКҰ белсенділері жұмысына толайым табыстар тілейміз!