ӨТКЕНГЕ ЕСЕП БЕРІЛІП, БОЛАШАҚ БАҒДАРЛАНДЫ
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының заңгері Дархан Жақыпбекұлы Жезқазған қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының «Zoom» платформасында өткен отырысына қатысты.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төраға-төрайымдары жиналған онлайн кездесуде Ляззат Күнеділова қалалық кәсіподақтың өткен жылы атқарған жұмыстарына есеп беріп, биылға межеленген жоспарын таныстырды. Сонымен бірге, көпшілік назарына 2021 жылғы қаржылық-шаруашылық жұмыс есебі мен 2022 жылға арналған кірістер мен шығыстар сметасы ұсынылды. Қалалық кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстарына оң баға берілген сөз кезегін Дархан Жақыпбек алды. Өз сөзін кәсіподақ көшбасшылары, ұзақ жылдар бойы бастауыш кәсіподаққа жетекшілік етіп, ұжымын ұйытып отырған Айгүл Ахметова мен Гүлмира Қыстаубаеваны мерейлі 50 жасымен құттықтаудан бастаған бас маман Төраға Марат Қоңырбаевтың ізгі тілегін жеткізді.
–Құрметті әріптестер! Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік-еңбек жағдайын жақсарту мақсатында кәсіподақ тарапынан Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» заңына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Заңға сәйкес кәсіподақтың негізгі мақсат-міндеті қарапайым еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Ал, той тойлау, сауықтыруға жолдама беру, қайырымдылық көмек көрсету бізге Кеңестік дәуірден «мұраға» қалған қосымша жұмыс. Дегенмен, біз дәстүрден жаңылмай күні бүгінге дейін бізге сенім артқандардың құқықтарын қорғауды сауықтырумен, мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастырумен қатар алып келеміз, – деген Дархан Жақыпбекұлы білім қызметкерлерінің заңды құқықтарын қорғау мен әлеуметтік ахуалын жоғарлату жолында кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан ілкімді істерді жіпке тізді. Атап айтар болсақ, қоғамдағы мұғалім беделінің биіктеткен «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануына Айгүл Мұқашева төрағалық ететін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы тікелей араласты, сондай-ақ, ауылдық жердегі білім қызметкерлеріне отын-су алуға берілетін коммуналдық төлем ақы, жыл сайынғы медициналық тексерулер де – кәсіподақтың жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысының жемісі.
Педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытындағы жұмыстар алдағы күндері де назардан тыс қалмайтынын жеткізген заңгер Әлеуметтік әріптестік жылы аясында қазірдің өзінде жоғары тұрған өкілетті органдарға бірқатар ұсыныстар жолданғанын жеткізді.
Сөз соңында жезқазғандық әріптестердің сұрақтарына тұщымды жауап берген Дархан Жақыпбекұлы 40-тан аса бастауыш кәсіподақ ұйымын ұйытып, мыңдаған педагог пен қызметкердің сеніміне ие болған Жезқазған қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляззат Күнеділоваға алғысын білдіріп, ісіне сәттілік тіледі.
Күнеділоваға алғысын білдіріп, ісіне сәттілік тіледі.