ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Жетісу жеріндегі жалғыз жоғары оқу орны І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті. Қара шаңырақ биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейлі мерекеге орай университет ұжымы түрлі форматтағы шараларды ұйымдастыруда.
Осындай игі шараның бірі - сала қызметкерлері арасындағы спартакиада. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті спортклубы мен кәсіподақ филиалы ұйымдастырған жарысқа профессорлық оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлері қатысты.
Спартакиадаға қатысушылар волейбол, баскетбол, стол теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тартыс және гір көтеру сынды спорттың жеті түрінен бақтарын сынады. Аталған шара университеттің жоғары мектептері мен «Zhansugurov college»-нен 240 қызметкерін қамтыды.
Салауатты өмір салтын насихаттау, жекелей спорттық шеберліктерін арттыру және әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға мақсатында өткен шараның қорытындысында төмендегі кәсіподақ мүшелері марапатталды.
Волейболдан 60 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында филологтарды даярлау білім беру бағдарламалары қауымдастырылған профессоры (доцент), п.ғ.к., Дүйсен Аңсабаев, жүзуден филологтарды даярлау білім беру бағдарламалары жетекшісі, ф.ғ.к., Шара Қыяхметова, үстел тенисінен филологтарды даярлау білім беру бағдарламалары аға лаборанты Гүлсім Тұрсынбаева І орынды еншіледі.
Командалық есепте жақсы нәтиже көрсетіп, І орынды Zhansugurov college (200 ұпай) иеленді. ІІ орынды Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі (198 ұпай), ІІІ орынды Жаратылыстану жоғары мектебі (196 ұпай) өзара бөлісті.
Салауатты өмір салтын сақтаған профессорлық оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім қызметкерлерін Басқарма төрағасы – Ректор, г.ғ.д., профессор Қуат Баймырзаев алғысын білдіріп, спартакиаданы қорытындылады. Жүзден жүйрік шыққан командаларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтың сертификаттарын табыс етті.
Е. Хаймулданов
Кәсіподақ филиалының төрағасы,
Алматы облысы, Талдықорған қаласы