ПЕДАГОГТАРДЫ АТТЕСТАТТАУ, МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫН РОТАЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің аясында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен «Педагогтарды аттестаттау. Білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау.
Басшыларды ротациялау кезінде еңбек қатынастарын ресімдеу» тақырыбында оқыту семинары басталды.
Еңбек заңнамасын жан-жақты түсіндіруге арналған шара ZOOM платформасында онлайн режимінде өтті. Алғашқы семинарға Алға және Әйтеке би аудандарындағы білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары шақырылды.
Алдымен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова шараның мақсат-міндеттері жайлы тоқталып өтті. ҚР кәсіподақтар федерацияцияның бастамасымен жарияланған «Әлеуметтік әріптестік жылында» көптеген игі істердің атқарылатындығын мәлімдеді. Оқыту семинарлары соның бір парасы ғана.
Педагогтарды аттестаттау- білім сапасын арттыру, мұғалімдердің біліктілігін көтерудің басты факторы.Дегенмен, аттестациялау кезінде педагогтардың тарапынан кездесетін кемшіліктер әлі де көп дейді ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Д.Джаманбаева.
Оқыту семинары осы олқылықтың орнын толтыру мақсатын көздейді. Аттестацияға өтініш беру, электронды портфолиені толтыру, ұлттық кәсіби тес пен эссе жазу кезінде ескерілуі тиіс мәліметтерді облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары талдап, түсіндіріп берді.
Екінші тақырып мектеп басшыларын ротациялауға арналды. Еліміздің білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көп мектептің басшылары мерзімсіз келісім-шарт жасасып, бір орында тапжылмай 10-15 жыл отырады. ҚР Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетов бұл өз кезегінде жұмыс істеуге мотивацияны төмендетіп, педагогикалық әдіс-тәсілдердің болмауына әкеліп соқтыратынын айтқан болатын. Ротациялау жобасына сәйкес, мектеп басшылары жұмыс нәтижесіне қарай белгілі мерзімнен кейін жұмыс орнын ауыстырады немесе тіпті қуылуы да ықтимал. Мектеп басшылары мен олардың орынбасарларын ротациялау тәртібін кәсіподақ заңгері, бас маман А. Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман Н.Жетпісбай қатысушыларға егжей-тегжейлі түсіндірді. Аталмыш семинар өңірдің барлық аудандарын қамтымақ.