ӘЛЕУМЕТТІК КЕЛІСІМ – КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫ ТЕТІГІ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялауы үлкен тарихи оқиғаларға бастау болмақ. Өткен жылдың 9 тамыз күні «Атырау облысы әкімдігінің білім басқармасы» ММ мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасында 2021 – 2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылды. Аталмыш құжат сол айда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркеуден өтті.
Келісім Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес Атырау облысы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау мен қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, Әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісіммен, салалық тарифтік, аймақтық келісімдермен белгіленген де оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін анықтау мақсатында жасалды.
Қазіргі күні аймақтағы барлық қала, аудандық жерлердегі білім беру мекемелерінде бір үлгіде осындай Әлеуметтік Келісімдер жасақталып, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тіркелді.
Әлеуметтік келісімнен туындайтын ережелер екі тарап үшін де міндетті болғандықтан ендігі жерде оның жүзеге асуы ерекше маңызды. Осы мақсатта «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы Мақат және Қызылқоға аудандарында іссапарда болып, ондағы білім беру мекемелері басшыларымен жүздесіп, аталмыш құжаттағы шарттардың орындалуы туралы және осы бағытта туындаған кейбір мәселелерді шешудің жолдарын қарастырған кездесулер өткізді.
Сондай-ақ, осы сапар барысында төраға бір топ педагогтарға «Еңбек ардагері» медальдері мен облыстық салалық ұйымның марапаттарын тапсырды. Х.Досмұхамедов атындағы орта (Миялы), № 2 бастауыш мектеп (Мақат) кітапханаларына облыстық салалық кәсіподақ ұйымының баспа өнімдері сыйға тартылды. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Мақат аудандық комитетіне (төрағасы Е.С. Құлтаев) жұмыс барысында қолдану үшін ноутбок берілді.
Салалық кәсіподақтың Атырау облыстық ұйымы