ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ ҰЙЫМ?
Кәсіподақтың күші оның бірлігінде, бастауыш ұйымдардың мықтылығында. Ал бастауыштардың бәсекеге қабілеттілігі мекемедегі әлеуметтік әріптестіктің пәрмені, ұжымда ауызбіршіліктің болуы мен одақ мүшелерінің білімі мен біліктілігіне байланысты. Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымы сол мықтылардың қатарында.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясында бұған тағы да көз жеткіздік.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясында бұған тағы да көз жеткіздік.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен өткен онлайн іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген мен Екатерина Смышляева, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бағлан Қарашолақов, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен мектеп ұжымы онлайн қосылды.
Кездесуді ашқан ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы әр кәсіподақ мүшесіне өзін толғандырып жүрген мәселелерді ашық жеткізуге мүмкіндік беретінін айтып, сол мүмкіндікті И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының кәсіподақ мүшелерін жіберіп алмауға шақырды.
Сөз кезегінде Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов 2021 жылы 56 жаңа БКҰ ұйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 123 606 құрап отырғанын, оның 67 мыңнан астамы немесе 55% білім және ғылым саласының кәсіподақ мүшелері екенін айтты. Ал Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатардағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
- Бүгінде жергілікті кәсіподақта 13 құрылымдық бөлімшеге біріккен 801 бастауыш ұйым бар. Кәсіподақтар шешуі тиіс еңбек қатынастарына байланысты негізгі түйткілді мәселелер сол бастауыштарда шоғырланған. Сондықтан да, еңбеккерлердің жай-күйі, әлеуметтік ахуалы, еңбек қатынастарындағы мәселелер кәсіподақтардың күн тәртібінен түспеуі тиіс. Біздің салалық кәсіподақта осы бағытта жасалып жатқан шаралардың ішінде ең маңыздысы – әлеуметтік әріптестік аясындағы ұжымдық шарттар жасау жұмысы. Бірнеше жылдан бері бірыңғай ұжымдық шарттар жасау тәжірибесін іске асырудамыз. Мұның ең басты мақсаты - бастауыш ұйымдарды ұжымдық шарт жасаудағы көптеген күрделі мәселелерден босату, – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.
Аймақта осындай ұжымдық шарттар арқылы сала қызметкерлеріне жалақы есептеудегі заңдылықты қамтамасыз ету, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру сұрақтарын оңтайлы шешу, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту, еңбек қатынастарында заңмен реттелмеген олқылықтардың орнын толтыру, кәсіподақ органдары қызметінің кепілдіктерін сақтау сынды бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелердің шешімі табылған.
Сонымен қатар, ұжымдық шарттар арқылы жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісу комиссияларын құру, жұмыс берушінің кейбір актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібі, сала қызметкерлерінің декреттелген топ өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу, ауылды жерде тұрып, еңбек ететін педагог мамандарға отын үшін берілетін өтемақы төлеу мәселесінің түбегейлі шешімін тапқандығы да – осы ұжымдық-шарттық жұмыстардың жемісі.
«Кәсіподақ мүшелерінің арыз-өтініштері мен шағымдарын қабылдау, оларды тиісінше шешу кезек күттірмей орындалуда. 2021 жылы жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдарына білім және ғылым саласы қызметкерлерінен 867 жазбаша, 10 137 ауызша өтініш түсіп, құқықтық сипаттағы 10 157 қызмет көрсетілді. Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде 2015 жылдан бері 1 млрд. 382 млн. тг қаржы өндіріліп, қайтарылды. Бұл жерде де аталған қаржының төленіп берілуіне 95% жағдайда келіссөздер арқылы қол жетсе, 5% ғана сот немесе өзге де құзырлы органдардың қатысуы арқылы шешімін тапты, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Кездесу сәтін пайдалана отырып, жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Кәсіподақтар Федерациясының басшылығына заңнамалық негізде шешімі табылса деген ниетпен Еңбек кодексінде жыл сайынғы инфляция деңгейіне еңбек ақы мөлшерін индексациялау туралы норманы енгізу, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңдағы жұмыс беруші өкілдерін кәсіподақтың әр деңгейдегі сайланбалы органдарының құрамына кіргізуге тыйым салатын норманы қайта қарауды ұсынды.
«Мұндағы басты уәж - әлеуметтік әріптестік қағидасын толыққанды пәрменді ету үшін жұмыс беруші өкілдерінің еңбек қатынастары, сала өкілдерінің әлеуметтік кепілдіктерін арттыруға бағытталған бастамаларды талқылау, оңтайлы шешім қабылдау ісіне қатысып, атсалысуы нәтижелі екендігі тәжірибеден белгілі» деді Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Жиында жұмыс беруші тараптан сөз алған мектеп директоры Гүлжан Тлеубердиева мекемедегі 219 мұғалім мен 51 кіші қызметкердің еңбек қатынасын реттейтін құжат 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарт екенін растап, осы құжат арқылы мұғалімдер қосымша кепілдіктер мен жеңілдіктерге ие болып, еңбек жағдайлары жақсарып жатқанын айтты.
- Мектептегі мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі тарификация бойынша - 23 сағат, 51 кіші қызметкердің 88 пайызы 1,5 жүктемемен жұмыс істейді. Осының өзі еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын, еңбекке деген талпынысын көтеруде маңызды роль атқарады. Алайда, кіші қызметкерлерге қосылатын үстеме ақы олардың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Сондықтан да, ерекше еңбек жағдайына төленетін ақы көтерілсе жөн болар еді. Сонымен бірге, мектеп директорлары білімді, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру бойынша қоғам алдында жауапкершілік алып отырған тұлға. Дегенмен, мектебінде 200 оқушысы бар директордың да, 2000 оқушысы бар директордың да жалақысы бірдей, ал жауапкершілік әр түрлі екенін ескере келе еңбек ақыда дифференциация болу керек деп ойлаймын. Санитарлық эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келмеген кезде мектеп басшысына салынатын айыппұл 230 АЕК-ті құрайды. Ал директордың орташа жалақысы 187 мың теңге екенін ескере отырып, кәсіподақтар осындай мәселелерді де назарға алып, тиісті органдарға жеткізсе деген ұсынысымыз бар, - деді Гүлжан Ержанқызы.
Мұнан соң мектеп-гимназияның БКҰ төрайымы Ботагөз Коханова бастауыштың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
- Бастауыш ұйымның комитетінде 17 адам бар, олар мәдени-бұқаралық, спорттық-сауықтыру, ұйымдастырушылық, тұрмыстық, еңбекші әйелдер, отбасы, ата-ана мен баланы қорғау бағыттарында жұмыс атқарады. Әлеуметтік әріптестік аясында зейнет жасына жеткен қызметкерге оқу жылының соңына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі, еңбек шарты бұзылған жағдайда өтемақы төленеді. Мамандығына сәйкес емес лауазым бойынша жылдар бойы жұмыс атқарып, біліктілік санаттарына ие болған ұстаздарға сол санаттарын сақтап қалуға және арттыруға мүмкіндік бар. Мекемедегі штат немесе қызметкер санын қысқартуда қосымша қорғау механизмдері, кәсіподақ қызметкерлерінің кепілдіктері қарастырылған. Еңбек қатынастарына қатысты мәселелер жұмыс берушінің қатысуымен кәсіподақ комитетінің отырыстарында қаралады, – деді Ботагөз Коханова.
Акция аясындағы кездесулердің өзектілігін айтқан Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева Жамбыл облысының жергілікті кәсіподағы кітапханашылар мен медбикелердің еңбекақысын көтеру мәселесін республика көлемінде алғашқы болып әлеуметтік әріптестік аясында шеше алғанын жеткізді.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, адамдардың құқығын қорғау сынды үлкен мәселелер Мәжілісте де қозғалып жатқанын, Жамбыл облысының Жергілікті кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырып жатқан іс-шаралары құптарлық және басқа аймақтарға үлгі боларлықтай екендігін айтса, Екатерина Смышляева педагогтарды аттестаттау, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы төлеу сынды мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Кездесу барысында әлеуметтік-еңбек қатынастары аясында көптеген күрделі мәселелер қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.