АРДАГЕРЛЕР – АРАМЫЗДА
Замананың қиындығына қарамастан бала күнгі арманына қанат сермеп, бақытын бала оқытудан тапқан Инна Решетова – 90 жаста. Ардагер ұстазды Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев торқалы тойымен құттықтай барды.
Есін білгелі еңбекпен шыңдалған Инна Николаевна – қара шаңырақ Қарсақбайдың тумасы. Балалық шағы бейнетті жылдармен тұспа-түс келіп, тылда бел жазбастан жеңісті жақындатуға ат салысқан ол өнегеге толы еңбек жолын туған жердегі №3 орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып бастады. Қарағандыдағы педагогикалық институтты орыс тілі мен әдебиет мамандығы бойынша тәмамдаған соң тағы тоғыз жылдай ұстаздық етті. Ал, 1969 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы №3 орта мектептің директоры қызметіне ауысты. Жастығына қарамастан біліктілігі мен мол тәжірибесі арқасында тізгінді мықтап ұстап, ұжымды ортақ мүдде өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруге жұмылдыра білді.
Жезқазғанға қоныс аударып, зейнеткерлікке шыққанға дейін қалалық №1 орта мектепте абыроймен еңбек еткен Инна Решетова қазірдің өзінде жас буынға жөн сілтеп, ұстаздық жолда жемісті еңбек етудің қыры мен сырын үйретуде.
- Ұлағатты ұстаздардың адал еңбегін бағалау, азаматтық тұлғасы мен рухани болмысына бас иіп, олардың адамгершілік ізгі қасиеттерін келесі толқынға үлгі етуді біз парыз санаймыз. Өйткені, Сіздер саналы ғұмырларыңызда кездескен қиындықтарға қарамастан мамандыққа адалдық таныттыңыздар. Білім іздеп келген ұл-қыздардың болашағына жанашырлықпен қарап, белестерді бағындырып, асулардан сүрінбейтін мықты тұлға қалыптастырдыңыздар. Бүгінде Сіздер тәрбиелеген бірнеше буын өкілдері еліміздің ырысын еселеуге үлес қосуда, - деп өз құттықтауын бастаған Марат Сейілбекұлы Инна Николаевнаға денсаулық пен амандық тілеп, сый-сияпатын ұсынды.
Кәсіподақ еткен еңбегін ескеріп, ұдайы құрмет пен қошеметке бөлейтінін алға тартқан ардагер ұстаз: «Алғысым шексіз. Сіздердің жылы лебіздеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында ғасыр жасайтын түрім бар»,- деп әзілдеп, ризашылығын білдірді.