ЕҢБЕКАҚЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ
Тарих қойнауына еніп үлгерген Сиыр жылының соңғы қуанышты жаңалығымен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Алдыңғы жылдың қараша айында Жылыой ауданындағы № 22 Жаңа Қаратон орта мектебінің бір топ ұстаздары «Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне өздерінің еңбек ақыларының үнемі кешіктірілетіндігін, сауықтыру ақысының төленбейтіндігін, әлеуметтік сақтандыру қоры мен зейнетақы жинақтаушы қорына тиісті қаражаттың аударылмайтындығын айтып, шағымданған болатын. Аталған мектептің мұғалімдеріне берешек қарызы көлемі 5 млн. теңгеге жеткен. Осы көтерілген мәселеге байланысты облыстық салалық ұйым төрағасы Қ.Сүндетұлы бастаған кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері мектеп мұғалімдерімен кездестіп, мәселенің мән-жайын анықтады, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Ұстаздардың жанайқайы аудандық әкімдікте де кеңінен сөз болды. Бірақ арызданушылар өтініші аяқсыз қала берді. Кейін Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Облыстық мәслихаттың төрағасы І.Ұ. Баймұханов пен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Сүндетұлы ауданға барған сапарларында да № 22 Жаңа Қаратон орта мектебі мұғалімдернің арызы бойынша аудан әкімі мен білім бөлімі және мектеп директорлары қатысқан алқалы жинында кеңінен сөз етті. Оларға осы мәселені дау-дамайсыз жыл аяғына дейін берешек қарызды жабу жөнінде өтініш жеткізілді.
Міне, Жаңа жыл қарсаңында жаңақаратондық ұстаздар тиісті қаражаттарына қолдарына тиді. Мектептің Келісім комиссиясына және кәсіподақ белсенділеріне өз ризашылдығымызды білдіреміз.
Жаңа Барыс жылы баршамызға денсаулық пен бақыт, қуаныштар сыйлайтын жыл болғай!
Баспасөз қызметі