МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы кезекті Атқару комитетінің отырысын өткізді. Жиында Маңғыстау облыстық ұйымының және аудандық, қалалық филиалдардың 2021 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аудандық, қалалық филиал төрағалары қатысқан маңызды отырыста облыстық ұйымның төрайымы Тәрбия Анайбекқызы барша кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтап, кәсіподақтың 2021 жылы атқарған жұмысын қорытындылады.
Биылғы жылы облыстық ұйым сала қызметкерлерін қатарына қосуды мақсаты ретінде ұстанып, нәтижесінде Мұнайлы және Бейнеу аудандары мен Ақтау қаласында кәсіподақ ұйымы бірқатар бастауыш ұйымдарымен толыққанын жеткізді.
Кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік - құқықтық көмектердің көрсетілгенін, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылғанын, белсенділік танытқан ұстаздарға облыстық, республикалық деңгейде марапаттар берілгенін айтып өтті.
Атап айтқанда «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылына» орай өткен республикалық байқаудың нәтижесінде жерлесіміз, Ақтау қаласының №46 «Балбұлақ» балабақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Корнеева Ольга Григорьевна 1 орын жүлдесіне ие болса, Салалық Кәсіподақтың кәсіподақ мүшелері - республиканың білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, педагог мәртебесін арттыру мәселелеріндегі қоғамдағы рөлі мен орнын арттыру үшін өткізілген «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнеролик» республикалық байқауынан «Креатив» номинациясымен Ақтау қаласының №14 «Айгөлек» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Альметова марапатталды. Кәсіподақ қозғалысында бірлік, ынтымақтастықтың арқасында қол жеткен табыстарды мақтанышпен жеткізді.
Алдағы уақытта да кәсіподақ қозғалысы қызметіне шығармашылық табыстар, еңбектер еленіп, биік асулардан көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, отырыста облыстық кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі жұмыстар қорытындыланды.
Биыл Маңғыстау облысының 300-ден астам педагогы емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Мұғалімдер «Қарғалы», «Алтын Қарғалы», «Жаңақорған», «Көктем», «Мерке», «Щучинский», «Көктерек», «Сарыағаш» «Ақжайық» сияқты еліміздің ең таңдаулы шипажайларында тынығып, түрлі ауруларды емдеуге және алдын алуға мамандандырылған сауықтыру орталықтарында денсаулықтарын нығайтты.
Сонымен қатар, 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, облыстық ұйымның алдағы мақсаты мен міндеті нақтыланды.Жиында қаралған мәселелерді Атқару комитетінің мүшелері талқылап, бірауыздан қажетті Қаулыларды қабылдады.
«Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» ҚБ